Қазақты қазақ еткен - Елбасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1996 жыл. "Жеті күн" автор-жүргізушісмін. "Хабар" жаңалықтар қызметінің продюсерімін. Жаңа жыл қарсаңында Президенттің еліміздің дарынды жастарымен жүздесуіне шақырылдым.
Сахнада концерт. Қонақтарға дастархан жайылған. Бас директордың орынбасары, "Жеті күн" орысшасының авторы В. Рерих екеуіміз екінші қабатқа көтеріліп, жоғарыдан тамашалап отырмыз. Кездесу ортасынан ауған кезде Рерих: "Бізді шақырып жатыр",- деді. Екеуіміз Президент отырған дастарханға келіп, жанындағы бос орынға жайғастық. Елбасы жастарды жанына кезек-кезек шақырып, әңгімелесіп отырғанын байқағанмын. Отыра сала Рерих әдеттегідей сөйлей бастаған. Нұрсұлтан Әбішұлы: "Володя, сені тыңдап жүрмін. Махат, сен айт",- деген. Расында, мұны күтпегем. Жаңа жылға жаттанды тілектер айту да орынсыз көрінген.
- Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге Гүлзағи әжемнің бата - тілегін жеткізсем деймін. Жасы жүзге тақады. Маған, мен секілді жастарға күнде болса да жалықпай айтатыны: "Николай патшаны көрдім, Ленин мен Сталинді көрдім, Маленков пен Хрущевті көрдім, Брежнев, Андропов, Черненко мен Горбачевті көрдім. Бірақ осы бір ғасырлық ғұмырымда «Мен - қазақпын» деп қасқайып тұрып мақтана алған қазақты көрмедім. Тәуелсіздік алып, Назарбайдың ұрпағы билікке келгенде ғана қазақ екендігімізді, қазақтың мәселесін жасқанбай, қорықпай айта алдық. Қазақты қазақ еткен - Нұрсұлтан. Нұрсұлтанды қолдасаңдар арман-тілектерің орындалады. Нұрсұлтанды қолдасаңдыр ерте заманнан ата-бабаларың көксеген азаттыққа толық қолдарың жетеді. Қазақтың жағдайын Назарбаев қана жақсарта алады деген»,-дедім...
Елбасына алғысымызды айтып, орнымызға оралдық. Володяға не айтқанымды орысшаға тәпіштеп тәржімәлап отырғам. Иығымнан біреу түртеді. Қарасам Президент Күзет қызметінің бастығы Аман Шабдарбаев.
- Махат, маған тұратын үйіңнің адресін бер. Кездесу аяқталған соң, Нұрсұлтан Әбішұлы сенің Әжеңе барып, сәлем беріп шығам деді.
- Әбеке, менің Әжем Алматыдан бір мың шақырым қашықтағы ауылда тұрады,- дедім.
"Жақсы ",- деп Шабдарбаев бұрылып кете берген. Мен аң-таң болып, Аман ағаның ізінен көзімді алмадым. Күзет бастығы Елбасы дастарханына төрт-бес қадам қалғанда кілт тоқтап, кері бұрылған. Аңдысам, тұп-тұра маған қарай келе жатыр. Ыңғайсыз болар деп орнымнан көтерілгем.
- Махат, менімен жүріңіз. Жағдайды Нұрсұлтан Әбішұлына өзіңіз түсіңдірерсіз..,-деген.
Үлкен дастархандағы Үлкен кісіге қайтадан жақындадым. Әжемнің расында елде екенін айттым.
- Әжеңе үлкен сәлемімді жеткіз. Көп көрген, өмірден түйгені мол ерекше жан екен. Түн болса да, әжеңе сәлем беріп, батасын алып шығайын деп шешіп едім, - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасының айтқанын орындадым. Әжеме сәлемін жеткіздім. Біраз үнсіздіктен соң Әжем: « Бастысы соғыс болмасын. Николай патша тақтан құлағаннан кейін, Сталиннің соғысы біткенше қазақтың қаны судай ағып, қырылғанын көрдім. Қазақ билігін алғаш қолына алды. Менің жалғыз бата-тілегім жетпейді ғой. Балам, бар қазақ Назарбаевты қолдаса, Қазақ елінің болашағы баянды болады»,- деген еді...
Әжем Гүлзағи Тастанбекқызы (1897-2001жж) туралы газеттерде көп мақалалар шыққан. Жазушылар Мамытбек Қалдыбай мен Сейілғазы Әбдікәрімов деректі әңгімелер жазды. 1937 жылы халық жауы атанып 4 жыл түрмеде отырған.
"Түрмеде менімен бірге билік еткен бастықтардың ақсүйек келіншектері көп болды. Завхоз болып, тазалық жағдайына матаны аямай бердім. Сол әйелдерден өте көп бата алдым-ау, ұзақ жасауым сол шығар. Біз жалған намыс, қуыс кеудемен өмірімізді өткіздік. Сталин зұлым қорадағы жалғыз тауықтың жұмыртқасын санап алғанда, мысық секілді мяу дей алмадық. Аштықтан қырылдық. Сонда да қорыққаннан тауықтың жұмыртқасын балаларға жегізбей, санап өткіздік. Менің үстімнен арыз түсіріп, түрмеге айдатқан, отбасымнан артылған тамақпен жарылқап, қарайласып жүрген ағайыным болатын. Аталарың Садық Мақаншыдағы Алаш әскерінің большевиктерге қарсы соғысына қатысқан. 1918 жылы Алаш көсемдері Міржақып пен Ахмет Шәуешекке әскер жинауға келгенде, өзіне қарайтын 5 ауылдан 50 жігітті ертіп сонда барған. Большевиктермен болған соғыстан жарақатпен қайтты. Сол дерттен 1934 жылы қайтты. Билікке белсенді қызыл коммунистер келді. Елім дейтін ерлерді, ел ішіндегі сасық сатқындар ұстап берді. Бәрін кешіруге болады. Отанға оқ атқандарды аяуға болмайды" дейтін. Ғасыр жасаған Әже аманаты осы.
Мақат Садық