Қазақты өзге ұлттан даралайтын оның тілі, мәдениеті мен руханияты - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақты өзге ұлттан даралайтын оның тілі, мәдениеті мен руханияты. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Қазақты өзге ұлттан даралайтын оның тілі, мәдениеті мен руханияты - Елбасы

«Еліміз егемендігін алғаннан кейін жағдайдың қиындығына қарамастан тағдырдың жазуымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған миллионнан астам қандастарымызды Атамекеніне оралттық. Бұл көш әлі де жалғасуда. Бабалар тарихына қатысты дүниежүзінің архивтерінде шаң басқан тарихи құжаттарды алдырып, том-том кітаптар мен оқулықтар шығарып, ата тарихымыздың ақиқатын түгендедік», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Президент тәуелсіздік жылдарында 1 мың 300-ге жуық мектеп, 1200-ге жуық денсаулық сақтау нысаны, тағы да төрт мыңнан астам балабақша салынғанын, халықтың әл-ауқаты артып, орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа дейін ұзарғанын атап өтті.

«Азаттықтың алғашқы жылдарында «Болашақ» бағдарламасы қабылданып, он мыңнан астам талантты жастарды шетелдердің ең беделді университеттерінде оқыттық. Сол университеттерді бітіргендер бүгін елге келіп, ұлт болашағына қызмет етуде. Кемелімізге келген соң барша орта білім ошақтарына үлгі болсын деп республикамыздың әр өңірлерінде дүниежүзінің ең биік талаптарына сай Зияткерлік мектептерін аштық. Ал күллі жоғары білім ордалары биыл алғашқы түлектерін ұшырып, әлемдік деңгейде танылып үлгерген Назарбаев Университетіне қарап бой түзейді. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ата-бабамыздың асыл-мұрасын жинақтаған соң, әлемдегі ең жаңашыл өнер ордалары салынды. Бұлар арқылы біз ұлт мәдениетін әлемдік өркениет деңгейіне шығару үшін барлық жағдайды жасадық дей аламыз», - деді Елбасы.