Қазақтың 1000 күйі - ол біздің 1000 жылдық мұрамыз - Мәдениет және ақпарат министрі
Аталған шараға қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгінгі күн шын мәнінде қазақ тарихындағы «айтулы күн» екендігін атап өтіп, Елбасының тапсырмасына орай «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, Мемлекет басшысының алғысөзімен халқымыздың 1000 жылдық мәдени мұрасы, домбыраға, сыбызғыға, қобызға арналған 1000 үздік таңдаулы күйлерінің антологиясы шығып отырғандығын жеткізді.
«Жалпы, «елден елдің несі артық» деген сөзге ойланатын болсақ, біздің сақ дәуірі деп жүрген кезеңдегі сақ бабаларымызға қазіргі Орталық Азиядағы, оның ар жақ-бер жағындағы 100-ге жуық ұлт иелік етеді екен. Біздің бабаларымыз да содан тараған. Ал оның бер жағындағы ғұндар дәуіріне келетін болсақ, оған да 50-ден астам ұлт, мына жағымыздағы моңғолдардан бастап, Еуропадағы мажарларға дейінгі аралықтағы көшпелі халықтардың қай-қайсыда «ата-бабаларымыз сол ғұндардан тараған» деп айтуға толық хақысы бар. Мына көктүріктер дәуірін алатын болсақ, мәселен, былтыр Моңғолияға барған кезімде сонау Анадолыдан, Түркиядан келіп, Күлтегіннің етегіне басын қойып, көзінен жасы парлап жатқан түріктерді көрген кезде «апырм-ай, мыналардың қандай қатысы бар еді» деген ойға қалдым. Ойлап қарасаң, оның да ата-бабалары сол жерден Анадолыға кеткен. Демек түркі тектес, түркі тілдес 30 халық болатын болса, олар түгелдей түркі мәдениетіне мұрагерлік етеді. Ал таза қазақтың өзі өзгелерден, түркілерден, ғұндардан, сақтар айналасындағы ағайындардан несі артық, немен өзгешеленеді десек, ең алдымен тілімізбен, одан кейін тілімізге үн бітірген музыкалық мәдениетімізбен ерекшеленіміз деп айтамыз. Сондықтан қазақтың 1000 күйі ол біздің 1000 жылдық мұрамыз», деді министр өз сөзінде.
Құрманғазы, Тәттімбет, Түркеш сынды шынайы өнер иелерінің әрбір мұрасын қазақ халқының баға жетпес мұрасы деп бағалауымыз керектігін баса айтқан министр, бұл жобаның одан ары да жалғасы болатындығын мәлім етті. «Келесі жылы мен осы күйлердің ішіндегі оркестрге арналғандарын іріктеп алып, оркестрдің орындауында 5 дискіменен 100 күйді шығармақ ойымда бар», деді ол.
Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед композитор Еркеғали Рахмадиев бастаған бір топ азаматқа жарық көріп отырған антологияны табыс етіп, кеш соңы Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева бастаған елге танымал күйшілердің концертіне ұласты.
Антологияны жарыққа шығарған «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-ның президенті Алмас Нұрасқанның айтуынша, қазақ халқының дәстүрлі күйлерін шығару туралы тапсырма Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан түскеннен кейін 2008 жылдан бастап қолға алынған. «Атқарылған жұмыстар барысында елімізбен қатар Ресей, Моңғолия, Қытай елдеріне де іссапарларға шығып, қазақтың төл өнері күйдің бірқатарын жинастырып қайттық. Жалпы келер ұрпақ үшін игілікті істер атқарып, халқымыздың жадына қаларлықтай өнегелі еңбек қалдырып отырмыз», деді ол.
2000 данамен жарық көрген антология еліміздің кітапханаларына, мұражайларына тегін таратылмақ. Антология екі бөліктен тұрады. Бірінші кітапта елімізге есімі танымал күйшілердің өмірбаяндары, олардың туындыларының шығу тарихы сияқты мағлұматтар қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілсе, келесі кітапшаның ішінде күй жазылған 41 диск орналасқан. Олар Шығыс Қазақстан, Жетісу, Арқа, Қаратау, Сыр өңірі, Батыс Қазақстан, Маңғыстау күйшілік дәстүрі, қазіргі заман күйлері, сыбызғы, қобыз күйлері деген тақырыптарға бөлініп берілген.