15:21, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрына жаңа директор тағайындалды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының ұжымына жаңа директорды таныстырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. 2006 жылдан бері бұл қызметті Өскемен Педагогикалық институтын және Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория мен «Тұран» университетін бітірген Ержан Әбдірахманов басқарып келген болатын. Бұған дейін ол Музыканы насихаттау театрының директоры, Бейбітшілік қорының директоры, Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы, «Единство» қоғамдық қорының президенті, ҚР Мәдениет пен өнерді қорғау мемлекеттік қорының атқарушы директоры, Алматы қаласының Алмалы ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс жасаған еді. Енді Ержан Ахметұлы 2006 жылы өзі қабылдап алған тізгінді бұрынғы директор Қуаныш Оразғалиевке қайта тапсырып отыр. Қ. Оразғалиев онда 1996-2006 жылдары басшылық жасаған болатын. Мұхтар Құл- Мұхаммедтің айтуынша, құрылғанына 75 жыл толып отырған өнер ордасы жақын арада Германияға гастролдік сапар жасамақ. Онда Қазақстанның мәдени күндерін өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ қаржы дағдарысына қарамастан, мемлекеттік бюджеттен театрға бөлінген қаражаттың көлемі өткен жылға қарағанда біршама өсіп отыр.