Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті Наурыз думанын өткізеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті сәуірдің 11-інде «Көктем шақырады» деп аталатын Наурыз думанын өткізеді,

Қазақтың Абай атындағы  ұлттық педагогикалық университеті Наурыз думанын өткізеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол биыл да қалыптасқан дәстүр бойынша М. Горький атындағы орталық мәдениет және демалыс бағындағы «Спартак» стадионында болады. Наурыз тойында студенттерге арналған мерекелік дастархан жайылып, ұлттық ас мәзірі ұсынылады. Сондай-ақ «Салауатты университет» спартакиадасы өткізіліп, қазақ эстрадасының жұлдыздары мен оқу орнының өнерлі жастары мерекелік концерт қояды.

Қазақстандағы ең байырғы педагогикалық жоғары оқу орны өткен жылы 80 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Алматы қаласында 1928 жылы қыркүйектің 1-інде Қазақ мемлекеттік университеті деген атпен ашылған білім ордасының атауы 1930 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты деп өзгертілді. 1935 жылы оған Абайдың есімі беріліп, 1990 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті, 1992 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті, 2000 жылы «Абай атындағы Алматы университеті» ЖАҚ, 2003 жылы «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып өзгертілді.