Қазақтың әйелдері қашанда дәстүрге берік- Бауыржан Байбек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек Республика сарайында өткен салтанатты жиында қала әйелдерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі қазіргі кезде шағын және орта бизнесті әйелдердің үштен бірі басқаратынын, мәслихаттың және Қоғамдық кеңестің бестен бірін әйелдер құрайтынын айтты. Мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі - әйелдер, білім мен денсаулық саласын ұстап тұрғандар да нәзік жандылар.

«Қазақтың әйелдері қашанда дәстүрге берік. Ең алдымен ошақтың отын маздатып, отбасының берекесін арттырып отырған да осы аналар. Елбасы айтып өткендей, егер әрбір отбасында ана махаббаты салтанат құратын болса, онда барлық еліміз келісім мен гүлденудің айшықты нұрына бөленеді. Міне, бұл ана махаббатының құдыреті. Бірақ, Маргарет Тэтчер айтқандай, «Үй әйел әлемінің шекарасы емес, киелі ордасы болуы тиіс». Заманауи әйелдер осының айқын дәлелі. Бүгінгі Алматы - әйелдер білім алатын, рухани құндылықтарды қалыптастыратын, отбасын құрып, бала тәрбиелейтін, бақытқа кенеліп, дара тұлғаға айналатын қала. Біз осынау құндылықтарды сақтауға және дамытуға қашанда ұмтылатын боламыз», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Алматыда 7 бағыт бойынша нақтылы 13 шара енген «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы жасалды. Олардың ішінде жеңілдетілген тұрғын үй ипотекасы, қайта оқыту және жұмыспен қамту, стипендия және тегін бала бақша, жергілікті бюджеттен бір реттік төлем көлемін арттыру мәселелері бар.

Соңғы жаңалықтар