Қазақтың бас снайперінің есімі ақыры ақталды - Айгүл Кемелбаева майдангер ағасы жайлы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жазушы Айгүл Кемелбаева жуырда ғана «Халық қаһарманы» атағы берілген туысқан ағасы, майдангер Төлеуғали Әбдібековтың тағдыры жайлы ел білмейтін деректерді бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақтың бас снайперінің есімі ақыры ақталды - Айгүл Кемелбаева майдангер ағасы жайлы

«Уақыт төреші. Құдайдың жазмышымен реттелу өмірге тән құбылыс екен. Қазақтың №1 снайпері Төлеуғали Әбдібековтың есімі ақыры ақталып, жарыққа шықты. Бүкіл ел қуанды. Ер елді сақтайды. Бұл - аксиома. Оның атасы Насырханның есімі әкесі болып, әкесі Әбдібек фамилиясы болып жаңсақ жазылып кеткен сияқты. Естуімше, Төлеуғали Насырханның ұлы емес, үлкен баласы Әбдібектен туған немересі. Төлеуғали Әбдібековті 3 мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ұсынған. Бірақ не кедергі болған? Басты кедергі – оның халық жауының туысы болғанында. Ол анкетада «Кемелбай ағам репрессияланған» деп жасырмай жазған. Кемелбай – Төлеуғалидың әкесі Әбдібектің туған інісі, менің атам, 1910 жылы туып, 27 жасында Магаданға айдалып кете барған. Артында ұлы 2 жасында тұл жетім қалған, ол - менің әкем Жолдасбай Насырханов» деп жазды жазушы Facebook парақшасында.

Оның сөзіне сенсек, батырдың есімін жарыққа шығаруға көптеген адамдар атсалысқан.

«Халық қаһарманы» атағын беру туралы жарлыққа қол қойған Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа, осы сауалды Президентке жеткізген қоғам қайраткері Берік Әбдіғали және Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринге, тілеуқор барша азаматтарға алғысым ерекше. Адамзат қоғамы соғыс және бейбітшілік құбылысынан тұрады. Әйгілі снайпер Ыбырайым Сүлейменов екеуінің есімі бір күнде жаңғырғаны, жанқияр ерлігі өшпегені ұрпақ үшін қажет. «Снайпер» атты әңгімем Төлеуғали ағамның рухына арналған. 2015 жылы жазылды. Кейінірек бұрын белгісіз болып келген деректермен толықтырып, қайта жаздым. 6 мамыр күні «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді» дейді Айгүл Кемелбаева.

Еске сала кетейік, Екінші дүниежүзі соғысында ерлікпен қаза тапқан үш майдангерге «Халық қаһарманы» атағы берілгенін хабарлаған болатынбыз.

Оның ішінде сұрмерген Төлеуғали Әбдібековке халық жауының туысы болғаны үшін Кеңес Одағы Батыры атағы бұйырмаған.