Қазақтың батыры елін қорғаса, қазақтың төбеттері малын қорғаған - ақын Несіпбек Айтұлы (ФОТОРЕПОРТАЖ)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні Ақмола облысы, Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында қазақ тазысы мен асыл тұқымды қазақы төбеттердің бірінші республикалық көрмесі мен байқауы өтті. Осы бір ұлтымыздың салт-дәстүрін қайта жаңғырту жолындағы бірегей іс-шараға арнайы қонақ болып, тамашалаған ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы қазақтың тазысы мен төбеттерін қорғау, насихаттау мақсатында өткізіліп отырған байқаудың маңыздылғы туралы өз ойымен бөлісті.

 Қазақтың батыры елін қорғаса, қазақтың төбеттері малын қорғаған - ақын Несіпбек Айтұлы (ФОТОРЕПОРТАЖ)

-Қазақта «Ілгері басқанның иті оттайды» деген мақал бар. Қазақтың тазысы мен төбетінің құрып кетпеуі үшін, айырықша мән беріп, осылай үлкен мереке өткізіп, байқау ұйымдастырып жатуы біздің елдігіміздің тағы бір нышаны ғой деп ойлаймын. Өйткені тарихтан тамыр тартқан, бауыры бүтін ел болғаннан кейін, кешегі бабаларымыздан қалған айшықты дәстүрлеріміз бар. Солардың қатарында халқымыз жеті қазынаның бірі деп қастерлейтін иттің алатын орны ерекше. Қазақтың төбеті төбеде жатқан, тазысы төсекте жатқан. Қазақтың батыры жаудың өтінде жүріп, қасықтап қан төгіп елін қорғаса, қазақтың төбеттері малын қорғаған. Сондықтан, хайуан болса да біздің қазақ итке құрметпен қараған. Бұл иттердің басқа тұқымдастарына ұқсамайтын артықшылықтары көп. Қазақы өмірде тазыларымыз саятшылықтың, сал серіліктің символы болған. Бүгінгі күні біз бір кездері жоғалған, әлсіреген ұлттық құндылықтарымызды қайтадан қалыптастырып, дамытуға күш салып жатырмыз. Міне, соның бір айғағы бүгінгі өткен іс-шара деп айтуымызға болады. Бұл жолда әлі де көп талпыныс керек», - дейді ақын Несіпбек Айтұлы.

Бақытжол Кәкеш.