Қазақтың бұлбұлы Бибiгүл Төлегенова 85 жасқа толды

АСТАНА. ҚазАқпарат - КСРО және Қазақстан Республикасының Халық әртiсi Бибiгүл Төлегенова 16 желтоқсанда өзiнiң 85 жас мерейтойын тойлауда.
None
None

Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 1929 жылы Семей қаласында туған. 1954 жылы Қазақ консерваториясын (Н.Самышинаның ән класы бойынша) бітірді. Ән айтуды көркем-өнерпаздар үйірмесінен бастады. Б.Төлегенованың әншілік талантын танып, оның өнер жолына түсуіне бағыт сілтеген әрі алғаш дәріс берген кеңес жазушысы Г.И.Серебрякова (сол кезде Семейде тұрған) болды. Б.Төлегенова еңбек жолын 1946 жылы Семейдің ет комбинатында жұмысшылықтан бастады. Бірсыпыра уақыт қазақтың опера және балет театрында істеді. 1965-1971 жылдары қазақ филармониясының әнші-солисі болды. 1971 жылдан Қазақтың опера және балет театрында еңбек етеді. Б.Төлегенованың қайталанбас орындаушылық өнерінің қайнар бұлағы - қазақтың халық әндері. Әншінің алуан тақырыпты репертуарында қазақтың халық әндері ("Гауһар тас", "Жиырма бес"), Қазақстан композиторларының шығармалары (Хамидидің "Бұлбұлы", Брусиловскийдің "Қос қарлығашы", Төлебаевтың "Еске алуы", Рахмадиевтің "Тарантелласы", Мұхамеджановтың "Көктем вальсі", Тілендиевтің "Кел еркем, Алатауыма", П.П.Чайковский мен С.В.Рахманиновтың романстары, Н.А.Римский-Корсаковтың операларынан ариялар, сондай-ақ Батыc Еуропа сазгерлерінің (Доницетти, Григ, Шуберт) шығармалары да бар. Б.Төлегенова өзінің концерттік-орындаушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді. Бұл тұрғыда ол "Қазақ бұлбұлы" атанған К.Байсейітованың орындаушылық шеберлігін жалғастыруда. Төлегенова опера өнеріне де елеулі үлес қосып, Жібек (Брусиловскийдің "Қыз Жібегінде"), Гүлбаршын (Рахмадиевтің "Алпамысында"), Еңлік (Жүбановтың "Еңлік-Кебегінде"), Джильда, Виолетта (Вердидің "Риголеттосы" мен "Травиатасында") т. б. партияларды орындады. Б.Төлегенованың өнері республика, одақ көлемінде ғана емес, бүкіл дүние жүзіне танылды. Гастрольдік сапармен Үндістан, Алжир, Египет, Сирия, Вьетнам, Польша, Чехословакия, Канада, Швеция, Франция, Италияда болып, өнер толғады. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1970) және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1960) лауреаты. 1957, 1958 жылдары Мәскеуде өткен өншілер байқауының лауреаты. УӀӀ-ӀХ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Ленин ордені және Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жеке Алтын белгісімен (1999) марапатталған. КСРО және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының (2001) лауреаты. «Жыл адамы» атағын алған (2001. Қазақстан Жұлдыздар аллеясында Жеке жұлдызға ие (2002). «Орақ және балға» медалінің және Ленин орденінің ұсынылуымен қоса Социалистік Еңбек Ері (1991). Астана қаласының және Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы.

"ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттiгi Бибiгүл Ахметқызын мерейтойымен құттықтайды және ұзақ ғұмыр тiлейдi.

Соңғы жаңалықтар