Қазақтың діни мәдениетін қалыптастыру керек - Ержан қажы Малғажыұлы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы Құрбан айт мейрамы қазақи іс-шаралармен өтізіледі. Бұл туралы бүгін ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан Қажы Малғажыұлы айтты.
«Құрбан айт мерекесі Қазақстандағы барлық мешіттерде атап өтілетін болады. Ерекшелігі - қазақи түрде өтеді. Яғни, мешіттердің ауласына қазақ үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылатын болады және сол қазақ үйлерден жетім балалар, қарттар үйлерінен ақсақалдар келіп, дастарханнан дәм татады»,- деді Ержан Малғажыұлы.
Бас мүфтидің сөзіне қарағанда, Оразадағы ауызашарда болсын, Құбан айт мейрамында болсын қазақтың діни мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл діни мәдениет әлі күнге дейін қалыптаспаған.
«Мәселен, ауызашарда бізде діни өлеңдер, термелер айтылып жүр. Мұның барлығы - өзіміздің қазақи мәдениетіміз. Егер осындай қазақи мәдениетіміз қалыптасқан болса, дінге бет бұрған халықтың саны көбейеді. Осындай ниетпен биылғы Құрбан айтты, Алла жазса, қазақи іс-шаралармен өткізейік деп жатырмыз», - деді ол.