Қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры 45 жыл бұрын қойылған қойылымды қайта сахналады
АЛМАТЫ. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыдағы Қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қызыл орамалды шынарым» деп аталатын драмалық қойылымның тұсаукесері өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселім» хикаяты бұған дейін әлемнің көптеген театрларында сахналанған болатын. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында осыдан 45 жыл бұрын қойылған еді. Ол Мәскеуде өткен театр фестивалінде жүлде алып, театр актерлары Чапай Зұлқышев, Байділдә Қалтаев, Мұхтар Бақтыгереев пен Роза Әшірбекова мемлекеттік марапатқа ие болды. Инсценировканың жаңа нұсқасын жасаған қоюшы-режиссер театрдың көркемдік жетекшісі және директоры, ҚР Халық артисі Талғат Теменов. Онда негізгі кейіпкерлерді Жұлдызбек Жұманбай (Ілияс), Аида Жантілеуова (Әсел), Еділ Рамазанов (Байтемір) пен Айгүл Иманбаева (Қадиша) сомдады. Қойылымда Тянь-Шань тауларының бөктерінде өткен ғасырдың 60 жылдары орын алған бұл оқиға суреттеледі. 45 жылдан кейін театр сахнасына қайта қойылған бұл қойылымды көрермен жылы қабылдады. Оның ендігі ғұмыры сахна шеберлерінің өз қолында тұр.