«Қазақтың химиясы неге қиналып тұр?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 наурыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақтың химиясы неге қиналып тұр?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында Мәжіліс депутаты Әлихан Тойбаевпен болған сұхбатты жариялады. Онда халық қалаулысы әлемдегі қалыптасқан ахуал мен Қазақстаннның саяси, экономикалық жетістіктері жөніндегі ойларымен бөліседі. Депутаттың пікірінше, қазіргі дүниежүзіндегі жерасты байлығы азаюға айналып, әлемдегі жағдай жылдан жылға күрделеніп барады. Соңғы кездердегі бірқатар араб елдеріндегі қақтығыстарды қоздырушы сыртқы күштердің мақсаты да солардың қазба байлығын пайдалану болып отырғандығы сондықтан. Шиеленістер күшеймесе, азаятын түрі көрінбейді. Міне, осындай күрделі жағдайда Елбасының халыққа арнаған биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы көңілге сенім ұялатады. Неліктен? Бұл сауалдың жауабын білгіңіз келсе, «Еліміз дамысын десек, өңірлерді өркендетейік» атты сұхбатты оқыңыз.   

Аталмыш басылымның жазуынша, Қазақстанда жұмыссыздықпен күрес мәселесі әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда жақсы жолға қойылған. Оның себебін немен түсіндіреміз? Ең бірінші айтарымыз, соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстан экономикасы қуатты қарқынмен алға басып келеді. Даму қарқыны жағынан алғанда біздің еліміз, халықаралық сарапшылар атап көрсеткеніндей, Қытай және Катармен бірге әлемдегі бірінші үштіктің ішінен орын алады. Қазақстанда капиталдану үдерісі өте шапшаң жүрді де, қаржысының көлемі 44 миллиард АҚШ долларына жетіп отырған Ұлттық қор қалыптасты. Дағдарысты жағдайда ол Елбасының шешімімен іске қосылып, экономикамыздың шайқалмауын қамтамасыз етіп келеді. Бұл мәселе «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Жұмыспен қамту: жаңа стратегия» атты тақырыппен басылды

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Қазақтың химиясы неге қиналып тұр?» атты мақала жариялап, үлкен мәселе көтерді. Басылымның жазуынша, биылғы жыл «Отандық импорт алмастырғыш өндірісті мемлекеттік қолдау туралы» бағдарлама мәресіне жетпек. Осыдан бес жыл бұрын бағдарлама қабылданған тұста «Елімізде химия өнеркәсібінің мызғымайтын негізін қалауға мүмкіндік ашылды деп»,- кеуде кере кең тыныстағанбыз. Әйтсе де химиктердің өндіріске сұранып тұрған жаңалықтары қалтарыста қалып, өзге елден тасымалданатын импорттың қасында отандық импорт алмастырғыш тауарларымыз өгей балының күйін кешіп жүргені жасырын емес. Кезінде Кремльдің өзін тамсандырып, Мәскеудің азулы ғалымдарымен текетіреске түскен мамандарымыздың еңбегі бұл күні елеусіз-ескерусіз қалған жайы бар.

Осы басылымның жазуынша, мұхиттың арғы жағын жайлаған елде семіз адамдар қалыпты көрініске айналып кеткелі қашан. Оған қазір ешкім де таңқала қоймайды. Ал біз бұрын ондай жағдайды бастан өткізіп отырған жандар ілуде бір болмаса, көп кездесе бермейтін. Бүгінгі таңда біздің еліміздің дәрігерлері де аталмыш мәселені күн тәртібіне қойып, қарастыра бастады. Қазақстан да семіздер еліне айналып барады екен. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақстан семіріп барады» атты мақаладан егжей-тегжейлі білуге болады.

***

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қоғамының өкілдерімен мерекелік кездесу барысында Ана күні - мерекесін белгілеуді ұсынды. Елбасы әйел азамат отбасының ұйтқысы екендігін, сол себепті біздің өміріміздегі әйелдердің рөлі ерекше екендігін атап өтті. «Сондықтан да мемлекет қоғамның іргетасын қалаушы отбасы мен отбасылық қарым-қатынасқа жіті назар аудару керек»,- деп атап көрсетті. «Казахстанская правда» басылымының жазуынша, өскелең ұрпақты тап осы дәстүр негізінде тәрбилеу керек. Осы дәстүр еліміздің азаматтарын достық пен бауырмалдылыққа, бірлік пен теңдікке жеткізеді. «Өйткені Қазақстан - біздің ортақ Отанымыз. Сондықтан да Ана күні міндетті түрді жалпыұлттық мерекеге айналады»,- деп жазады басылым. Аталмыш бастама туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Ана күні» атты мақаладан білуге болады.