«Қазақтың қазанатына қашан қол жеткіземіз?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 қаңтар, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Тарих қойнауына бет алған 2010 жыл еліміз үшін ерекше болғаны жасырын емес. Осы орайда жылдағы дәстүр бойынша өзге де агенттіктердің қатарында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі мен «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ та өз міндеттері мен қызметтерінің қорытындысын жариялады. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірінде.
Басылымның атап өтуінше, алдымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың атқарушы директоры Қайрат Әйтекенов, «Тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Зинулла Қазиев, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасы Серік Нокин баяндамалар жасаған. Еліміздегі тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын қорытындылаған С.Нокиннің атап өтуінше, тұрғын үйдің шамамен 19,6 млн. шаршы метрі, оның ішінде 2010 жылы 6,4 млн. шаршы метрі пайдалануға берілген. Бұл сандар Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламаларының арқасында тұрғын үйдің жаңа алаңдарын пайдалануға беру көлемінің күрт төмендеуіне жол берілмегендігінің айқын дәлелі. Сондай-ақ ол еліміздің 2010-2014 жылға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жалға берілетін тұрғын үйді одан әрі дамытуға ниетті екенін және тұрғын үй құрылысын дамыту қарқынын сақтауға мүмкіндік беретін тетіктің бірі тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін дамыту болып табылатынын атап өткен. Бұл жайында толығырақ басылымның жұма күнгі нөміріндегі «Құрылыс ісіне құнттылық қажет» деген мақаладан біле аласыздар.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады. А. Жұмағалиев Мемлекет басшысына министрліктің 2010 жылғы қызметінің негізгі қорытындылары туралы, соның ішінде 3G үшінші буын ұялы байланыстың стандартын енгізу жөнінде, ауылда кең жолақты интернетті дамыту жөніндегі жобаны іске асыруға дайындық жұмыстарын жүргізу туралы, сандық телехабарларды іске қосу және электронды үкімет порталы арқылы 1 млн. 600 мыңнан астам электрондық анықтама берілгені туралы, сондай-ақ 2011 жылға жоспарланған міндеттер туралы баяндады. Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық саласын халық пен бизнес өкілдері үшін мемлекеттік қызмет көрсету спектрін кеңейту, сандық телехабарларды дамыту, елді мекендерде кең жолақты Интернет желісіне қол жетімділікті және ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бөлігінде дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарында ҚР Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтан алынған сұхбат жарияланды. Онда қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелер сөз болған. «Халық - сыншы, Назарбаевтың елді әйтеуір бір даңғыл жолға түсіретініне сенді. Сенім үдесінен шыққан Елбасы ел тізгінін ұстаған 1991 жылдың 1 желтоқсанынан бергі жерде экономикаға төтеннен, сырттан киліккен жаһандық дағдарыстың да алдын алу, бетін қайтару амалдарын іздестіріп, тосқауыл қоя білді. Тоқсаныншы жылдардың аяғындағы дағдарыстан аман алып қалды. Назарбаевтың дағдарыстан шығару әдістеріне, мемлекет құрудағы тәжірибесіне бүгіндері көптеген іргелі елдердің ерекше ден қойып отырғаны сондықтан», - деген басылым тілшісінің сұрағына берген жауабында Ж. Кәрібжанов. Сұхбат «Біз таңдап алған жол да, мақсат та айқын» деген тақырыппен берілген.
«Ұйғыр ауданындағы Шарын ауылының тұрғындары елді мекен аттас өзеннің арнасының бұзылуы салдарынан жағаға шығып кеткен мұз аралас алапат судан зардап шеккенінен жұрт жақсы құлағдар. Тасқын болған күннің ертеңінен бастап сол жерден табылған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның төрағасы Амандық Баталов пен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтердің жетекшілері жұрттың жағдайына түсіністікпен қарап, жедел штаб құрып, нақты көмектер ұйымдастыруды қолға алды», - деп жазады «Айқын» газеті жұма күнгі санындағы «Қызылағаш қасіреті неге сабақ болмады?» деген мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, жоғары жағы бұғауланып, әлемдегі ең ірі су электр стансаларының бірі Мойнақ салынып жатқан Шарын өзенінің долы ағысы сонау жылдары жолаушылар автобусын да ағызып кеткенін, Райымбек ауданын орталықпен біраз уақыт қатынассыз қалдырғанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан өзеннің бұл жолғы мінезін бейқамдыққа қарсы жасалған ескерту деп қабылдаған жөн.
***
Ағылшындық ғалымдардың «жылқы малы алғаш рет қазақ жерінде қолға үйретілген» деген сенсациялық жаңалығы жария болғанда, жүрек жарылардай қуанғанымыз рас. Осыны айтып мақтанғанда, ауыздыға сөз бермейміз, алайда атақ-даңқымызды асырған ата-баба кәсібінің қадіріне жете алмай жүрміз-ау... Әйтпесе қазақтың күллі әлемді тамсандырған қазанаттары қайда кеткен? Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Қазақтың қазанатына қашан қол жеткіземіз?» деген мақалада кеңінен баяндалған. «Жылқы жанды халықтың жерінде киелі жануарды зерттеп, асылтұқымды тұлпарларды жан-жақты зерделейтін арнайы ғылыми орталық болса игі еді. Бірақ өзіміз кие тұтатын қасиетті Қамбар атаға мұндай игілікті қимай отырмыз. Қазақтың қазанатын қайта жаңғырту жолындағы бар жауапкершілік Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» зауытының құрамындағы шағын ғана зертханаға жүктелген. Және бұл зертхана салмағы ауыр міндеттемені абыроймен орындап келе жатқаны көңіл көншіткенімен, аты аңызға айналған қазақтың қанатты тұлпарларына қайта қол жеткізу үшін елімізде «Қазақ ғылыми зерттеу жылқы институтын» ашатын мезгіл жетті дейді мамандар», деп жазады басылым.
«Орталық сайлау комиссиясы 5 миллион 16 мың азаматтың қолын растады». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген мақалада Елбасының өкілеттілігін ұзарту мәселесімен респубилкалық референдум тағайындау туралы шығыста басталған бастама бүкіл еліміз бойынша қолдау тауып, қажетті қол 200 мың емес, 5 миллионнан асып кеткендігі жайында жазылған. Бастамашыл топ өткізген осы қолдардың растығын тексерген Орталық сайлау комиссиясы кеше соңғы нәтижені жария еткен. «2011 жылғы 13 қаңтардағы жағдай бойынша, Орталық сайлау комиссиясына барлық облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының қолдарды тексеру нәтижелері туралы хаттамалары келіп түсті. Респубилкалық референдум өткізу туралы бастамашылдықты қолдап, барлығы 5 миллион 16 мың қол жиналған немесе республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы санының 55,2 пайызы», - делінген мақалада.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банктің Төрағасы Григорий Марченконы қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Г. Марченко Президентке 2010 қаржылық жылдың алдын ала қорытындылары туралы баяндаған.
«Жалпы алғанда макроэкономикалық жағдай тұрақты. Өткен жылы инфляция болжамды дәліз аясында 7,8 пайызды құрады. Мемлекет басшысы Үкіметпен және Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігімен бірлесіп экономиканың нақты секторын банктер тарапынан кредиттеуді ынталандыру әдістемесін әзірлеуді тапсырды, - деп атап көрсеткен брифингте Ұлттық Банктің Төрағасы.