Қазақтың көрнекті ғалымы, академик Рахманқұл Бердібай дүниеден өтті

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат -  Қазақ әдебиеттану ғылы­мы орны толмас қазаға ұшы­рады. 85 жасқа қараған ша­ғын­да көрнекті ғалым, қа­рым­ды қайраткер, еліміздің Ұлттық Ғылым акаде­мия­сы­ның академигі Рахманқұл Бердібай дүние салды.
None
None

Р.Бердібай 1927 жылы 2 желтоқсанда Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы Түркістан ауданының Көкіш ауылында өмірге келген. Түркістан пе­да­гогикалық училищесін бі­ті­ріп, Қызылорда педаго­ги­калық институты мен Қазақ Мемлекеттік универ­си­те­тін­де оқыған.

Еңбек жолын Оңтүстік өңіріндегі Ащысай орта мек­тебінде мұғалім болып бастап, Мақтаарал, Ильич, Фрун­зе аудандарында орта мек­теп­тер­дің директоры, аудандық оқу бөлімінің инспекторы қыз­мет­терін атқарды. Кейіннен Алматыға келіп, «Қазақ әде­биеті» газетінде әдеби қыз­мет­кер, бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, Қа­зақ кеңес энциклопедиясы Бас редакциясында жауапты хатшы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутының фольклор бөлімінде меңгеруші болып жемісті еңбек етті. Өмірінің соңына дейін Түркістандағы Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универ­си­тетінде профессор, кафедра меңгерушісі болып қызмет жасады.

Р.Бердібай 34 жыл бойы Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің ректоры міндетін қоғам­дық негізде атқарды. 1961 жылы «Қазіргі қазақ рома­нын­дағы сюжет проблемасы» тақырыбында кандидаттық, 1970 жылы «Қазақ романдарының негізгі теориялық проблемалары» бойынша докторлық диссертация қорғады.

Әдебиетке өлеңмен келген ол елуінші жылдары әдебиет сыншысы ретінде танылды. Ғалым қазақ әдебиеттану ғы­лымының түрлі мәселелеріне арналған 32 кітап, 1200 мақала жазды. «Әдебиет және өмір», «Роман және заман», «Қазақ прозасындағы замандас тұлғасы», «Дәстүр тағылымы», «Аңыз­дан романға», «Ғасыр­лар толғауы», «Қазақ тарихи романы», «Биік парыз», «Замана сазы», «Мұхтар шыңы» секілді монографиялары мен кітаптары көпшілікке жол тартты.

Р.Бердібай дәуірдің жазушы шығармашылығына тигі­зер әсері, сюжет пен мінез, замандас бейнесі, жанр сипаттары жайлы терең толғамды тұжы­рым­дар жасап, мақа­ла­лар жазды. Ғалымның «Сар­қыл­мас қа­зына», «Кәусар бұ­лақ», «Эпос - ел қазынасы», «Жыршылық дәстүр», «Қазақ түркі эпос­тары­ның мәселе­лері» сияқты күрделі зертте­у­лері қазақ хал­қы­ның аса бай эпостық мұра­сының мәселе­лерін зерттеуге ар­налды. Ол «Қазақ тарихи жыр­ларының мәселелері», «Фольклор шын­ды­ғы», «Қа­зақ фолькло­рис­ти­касының тарихы», «Қазақ фольклорының поэ­тикасы», «Қазақ фольк­лоры­ның типологиясы» секілді ір­гелі акаде­мия­лық зерттеу­лер­дің жазылуына жетекшілік жасады, осы зерттеулердің негізгі тарауларын жазысты.

Туысқан түркі халық­тары­ның әдебиетіне, рухани байланыстарына, тарихи тамырларына арналған «Гүлстан­ның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Байқалдан Балқанға дейін», «Жұлдыздар жарығы» кітаптары жарық көрді. Ұлтжанды ғалымның «Ел боламыз десек» атты кітабында халқымыздың алдында тұрған ұлы мұраттар руханият аясында батыл көтерілді.

Р.Бердібай - біршама халықаралық академиялардың академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы, Махмұд Қашқари атындағы халықаралық, «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлықтарының иегері. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Өмірде сыпайы қалпынан айнымаған, өресі биік ғалым, ұлағатты ұстаз, ұлтын шын сүйген қайраткер тұлғаның асыл бейнесі ел жадында әрдайым сақталады.

                                                                                                                       Қазақстан Республикасының Үкіметі

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақтың көрнекті ғалымы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Рахманқұл БЕРДІБАЙДЫҢ қайтыс болуына байланысты ғалымның отбасының қайғысына ортақтасып көңіл айтады.

Соңғы жаңалықтар