Қазақтың қойы Қытайға тасымалданады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзаxметовтың Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында тараптар Қазақстанның қой етін қытайлықтарға тасымалдау жөнінде келісімге келді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде Қытай нарығына тауар тасымалдау үшін арнайы өнімнің талапқа сай екенін дәлелдеу керек. Ол үшін арнайы орган бар. Оған әлемнің 100-ден астам елінен мыңдаған өтінімдер түседі. Алайда Қазақстанның өтінімдері бірінші кезекте қаралады. Себебі мемлекет басшылары деңгейінде тиісті уағдаластық бар. Ал Мырзаxметов мырзаның жасаған сапары барысында екі жақ 30 шақты өнімнің бұған дейінгі өтінімдерін топтастыруға келісті. Мәселен, майлы дақылдар ортақ бір xаттама бойынша рәсімделеді. Демек, ол өнімдердің инспекциясы да бірден жүргізіледі», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.
Вице-министрдің айтуынша, ағымдағы айдың соңында Қытайдың инспекциясы Қазақстанға келіп, азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін бағалайтын болады. Сол кезде қой етін өңдейтін отандық кәсіпорындарға да тексеріс жүргізіледі.
«Осы жолы да қытайлық әріптестер ол тексерістердің бөлек жүргізілетініне қарамастан, екеуін де бірдей өткізуге келісті. Осының арқасында Қазақстанның қой етін Қытайға ертерек экспорттауға болады. Біздің жоспарымызға сәйкес, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында қазақтың қой еті көрші елге тасымалданады», - деп атап көрсетті вице-министр.