Қазақтың Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестріне 75 жыл толды

;  АСТАНА. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің  негізі осыдан 75 жыл бұрын Ахмет Жұбановтың бастамасымен қаланғаны мәлім. Бастапқыда тек 11 ғана адамнан құрылған оркестр, бүгінде өзінің өнерімен дүниежүзін таңқалдырған ұжым ретінде тұғырланды. Осы ретте Астанаға мерейтойлық концерттік сапармен келген Құрманғазы атындағы оркестрдің директоры,
None
None

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Мүсіреппен сәті түскен  сұхбатты назарға тартамыз.   

-  Оркестрдің мерейтойы құтты болсын! Кеше Астанада өткен концертте Мәдениет және ақпарат министрі қатысып,  құттықтауын жеткізді. Сонымен бірге залда жиылған елорда тұрғындары да ерекше қошеметін көрсетті.

  - Рахмет! Кеше, өздеріңіз де куә болдыңыздар Астананың төрінде мерейтолық концерт өткіздік.  Конгресс-Холл залы халыққа лық толы болды. Осы өнерімізді халқымыз аңсап қалған екен. Сондықтан шашу ретінде Астанаға аңсатып келдік.

   -  Мәдениет және  ақпарат  министрі алдағы жылы оркестрдің салтанатты шеруі Еуропа елдеріне жалғасатынын айтты. Ал биылғы жылы қазақ өнерін дәріптеудегі сапарларыңыз қалай өтті?  

  - Атап айтсақ, биылғы жыл біз үшін қуанышты жыл болды деп айтсам қателеспеймін. Екі рет гастрольдік сапармен Германияға бардық. Оның біріншісінде Қазақстан жылының осы елде ресми ашылуына барсақ,  екінші рет сәуірде жеке сапармен болдық. Сонымен қатар таяу күндері Түркияның Ыстамбұл қаласында өнерімізді жұршылықтың назарына тарттық. Ал  кеше елордамызда Құрманғазы оркестрінің 75 жылдығына арналған концерттің шымылдығын аштық. Енді Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында желтоқсанның 21-інде мерейтойлық концерт өткізбекпіз.

   -  Бүгінде еліміздің Ата оркестрі саналып жүрген ұжымда қанша өнерпаз қызмет етіп жүр?

    - Бұл Ахмет Жұбанов атамыздың бастамасымен құрылған оркестр ғой. Алғашында бұл оркестр 11 адамнан құрылған болатын. Содан кейін оркестр құрамы 50 адамнан, кейіннен 70-ке жеткізілді. Қазір енді 80  адам өнер көрсетіп жүр. Қазіргі кезде оркестр құрамында үш дирижер бар. Дағдарысқа қарамастан, мемлекет тарапынан, министрлік тарапынан ұдайы қолдауға ие болып отырмыз.  Атап айтқанда, ұжымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Қазақстанның халық әртістері, мәдениет қайраткерлері бар. Мұнымен қоса, концерт барысында кеше министр Мұхтар Құл-Мұхаммед ұжымдағы жеті адамды «Мәдниет қайраткері» белгісімен марапаттады. Осы орайда өнерімізді бағалап, бізге деген қошеметке өзіміз бір серпіліп, көтеріліп қалдық.

  - Оркестр құрамы жабдықтармен, аспаптармен және басқа да қажеттіліктермен қалай қамтамасыз етілуде?

      -Бұл жағын  Мәдениет және ақпарат министрлігі ұдайы назарында ұстап келеді. Қаржыландыру, қамтамасыз етуде ведомство жағынан кеңқолдылық байқалып отыр. Мұхтар Абрарұлы оркестрдің репертуарына қатысты да бізбен әрқашан ақылдасып отырады.

      - Өнер жолындағы ең үлкен ұжым ретінде еліміздің басқа да аймақтарындағы оркестрлермен тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізесіздер ме?

     - Құрманғазы оркестрі бүгінде орталық лабораторияға айналды. Дирижерлер, домбырашылар, қобызшылар бізден тәжірибеден өтеді. Облыстық оркестрлерге тәжірибе жағынан, репертуар жағынан да өз көмегімізді көрсетеміз.  Сонымен қатар, Санкт-Петербордағы  императорлық оркестрмен өзара байланыста болып тұрамыз. Тәжірибе алмасу мақсатында дирижерлер мен музыканттар араласып тұрады. Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі өзінің жанры, жолымен, репертуарымен ерекшеленетін ұжым. Осы орайда біз өзіміздің репертуарымызбен бөлісіп, көмектесеміз. Бүгінде біздегі репертуар 4 мыңнан астам. Онда жаңа әндер, күйлер, шығармалар жинақталған.

 ҚазАқпарат анықтамасы:  Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрін алғашында Алматыда музыкалық драма техникумының жанынан домбыра ансаблі ретінде Ахмет Жұбанов ұйымдастырды. Оркестр әр жылдарда жас маман кадрлармен толықтырылып отырды. Кезінде оркестрге М. Төлебаев, Н. Тілендиев, А. Мырзабеков, Л. Хамиди, Қ. Мусин, Л.М. Шаргородский дирижер болды. Аталған өнер ұжымы 1953 жылы Бухарест қаласында өткен жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежізілік фестивалінің алтын медаліне ие болды. «Халықтар достығы» орденімен, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар