Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры 85-ші маусымын ашты

АЛМАТЫ. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы драма театры өзінің 85-ші маусымын "Абай" трагедиясымен ашты. Театр бұл қойылымның таныстырылымын өткен маусымның жабылу рәсімінде жасаған болатын.

Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры 85-ші маусымын ашты

Театр директоры, көркемдік жетекшісі Есмұхан Обаевтың айтуынша, бұл театрда осымен төртінші рет сахналанып отырған "Абай" спектаклі бұған дейінгілерден өзгешерек. "Бүгінгі күн тұрғысынан қойылған пьесада жас актерлар ойнайды және ондағы көріністер де бөлектеу. Әуезовтың 65 жыл бұрын Абайдың аузына салған сөздері бүгінгі күннің көп құйтырқы сұрақтарына жауап береді. Адамға ой салады. Бұрынғы кеңес заманы болса кесіп алып тастайтын кейбір тұстары да бар. Біз Абайдың сөздерін қысқартуға барған жоқпыз" дейді қойылым режиссері Е. Обаев. ҚР халық артисінің сөзіне қарағанда, бұған дейін спектаклді Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мәмбетов, Болат Атабаев қойған болатын.