12:08, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақтың спорт және туризм академиясында алдағы уақытта құсбегі мамандары дайындалады
АЛМАТЫ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақтың спорт және туризм академиясында алдағы уақытта құсбегілік бойынша мамандар дайындау ісі қолға алынбақ.
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұл кеше Алматы облысының Талғар ауданындағы Ақбұлақ ауылында өткен құсбегілердің республикалық «Сонар-2009» жарысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Құсбегілік бойынша осы уақытқа дейін елімізде бірде-бір оқу орнында мамандар дайындалған жоқ. Сол себепті біз ұлттық спорт түрлері бөлімі бойынша биыл жаңа оқу жылынан бастап талапкерлер қабылдаймыз. Мемлекеттік тапсырыстың көлемі әзірге белгісіз болғанмен, үміткерлердің санына шектеу жоқ», дейді Қазақтың спорт және туризм академиясының вице-президенті, профессор Елемес Әлімханов. Педагогика ғылымының кандидаты, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Елемес Әлімхановтың айтуынша, бұл оқу орнында 1968 жылдан бері қазақша күрестен, ал 1992 жылдан бастап тоғызқұмалақтан арнайы мамандар дайындалуда. Болашақта онда ұлттық спорт түрлерінің саны тағы ұлғая түседі деп жоспарланып отыр.