«Қазақтың тағам саясаты қандай?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 29-ы, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақтың тағам саясаты қандай?» - республикалық басылымдарға шолу

***

Әр мемлекеттің өзінің әскери күштері бар. Онда сарбаздарға берілетін бұйрықтар да, әскери атақ-лауазымдар да, тіпті жауынгерлердің батырлығы үшін берілетін жоғары наградалар да сол елдің ұлттық нышандарымен байланысты. Демек, еліміздегі қолданыстағы әскери шендерді ұлттық архаикалық шендермен алмастыратын уақыт жеткен жоқ па деген заңды сауал туындайтыны анық. «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Ой-көкпар» айдарында дәл осы сауал Ауған соғысы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Бақытбек Смағұлов пен тарих ғылымының кандидаты, доцент Болат Сайланға қойылған. Қазақстан тәуелсіз ел болғаннан кейін, ондағы әскери шендердің барлығы да қазақы болуға тиіс, алайда еліміздің жоғары қолбасшылардың көпшілігі Мәскеуде оқығаннан кейін бұған немқұрайлы қарайды деген пікірді алға тартқан Б.Смағұлов «десек те, олар қазақ, кеуделерінде қазақ деген намыс болғаннан кейін, олар да әскери саланы түбейгейлі қазақыландыруға атсалысады деген ойдамын», десе, ал бұл мәселені көтеру әлі ертерек, сонымен қатар дүниежүзінің 90 пайызы бірқатар әскери лауазымдарды бірдей қолданатындығын алға тартқан Б. Сайлан «қазір біз бүкіл дүниежүзіне танымал мемлекет болғаннан кейін, барлық елдермен балйанысты нығайту үшін халықаралық терминдермен жүргеніміз орынды», дейді.

Дарынсыз болса да, қарынсыз пенденің болмайтындығы дау тудырмайтын шындық. Олай болса елімізде қазақтың ұлттық тағамдарына қаншалықты мән беріліп жүр? Бұл өзекті жайт «Алаш айнасы» газетінде жарияланған «Қазақтың тағам саясаты қандай?» деген мақалада тарқатыла айтылған. «Мәселен, палау десе, өзбек елестесе, суши - жапонды, лағман - дүнгенді, мәнті - ұйғырды еске салатыны жайдан-жай емес. Демек, ұлттық тағам да тіл, діл, салт-дәстүрден кем емес. Бұл жағынан алып қарағанда, қазақтың еті, яғни қазы-қарта, жал-жаясынан бастап, бауырсағы, қуырдағы, женті, құрты, қала берді, қымыз, шұбат секілді шөліңді қандырар суысындары, әйтеуір, айтып тауыса алмайтындай тағамдары жеткілікті. Бірақ айтып-айпай не керек, нарық заманының талабына сай біз ешбір ұлттық тағамымызды бренд етіп қалыптасыра алмай отырмыз», деп жазады басылым. Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, бейсенбілік нөмірге назар аударыңыз.

***

Бұған дейін әлемге есімі танымал сарапшылардың пайымдауы бойынша көп ұзамай-ақ дағдарыс болатынын және оның қоздырушы себептерін жазған «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде де сол сарапшылардың болжамдарындағы шындыққа жанасады дегендеріне сүйене отырып, алда болуы мүмкін жаңа дағдарыстың қандай сипатта өрбитіндігі жайлы әңгіме қозғаған. Басылымның жазуынша, дағдарыс бола қалған жағдайда Бүкіләлемдік қор биржаларында және Батыстың дамыған елдерінің ішкі нарықтарында жылжымайтын мүлік бағасы түсуі одан әрі жалғасуына орай халықаралық валютаның құны төмендей бермек. Сондай-ақ бағалы металдар бағасы екі есе өспек. Мәселен, 2007 жылдың тамызынан бері алтын бағасы екі есе өссе, дағдарыстың келесі соққысында бұл көрсеткіштің тағы да 2 есе көбеюі әбден мүмкін. «Айқынның» бұдан да басқа жорамалдарын оқып, білгіңіз келсе, «Ендігі дағдарыс нені «бүлдіреді»?» деген мақаланы назардан тыс қалдырмаңыз.

«Ыстықкөлдің орнын Бурабай баса ала ма?». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарияланған мақалада еліміздің ішкі туризмін дамыту жай-күйі талқыланған. Басылымның қырғыз БАҚ-тарына сілтеме жасап хабапрлауынша, Қырғызстандағы биылғы туристік маусым өзін-өзі ақтамақ түгілі, туроператорларды қарызға белшеден батырып отырған көрінеді. Есесіне, отандық туроператорлардың сүйіншісі зор. Әдетте Ыстықкөл жағасында демалатын қазақ туристері биыл ел ішінде қалып, ішкі туризмнің дамуына мол үлес қосуда. Ішкі туристік бағыттар Қырғызстандағы дүмпулерден кейін жаңарып отырғанына тоқталған «Айқын» газеті «отандық туризм кластерінің барынша дамып, тұрақты түрде үлкен сұранысқа ие болуы үшін саладағы қордаланған мәселелерді, оның ішінде, ең бастысы, баға саясатын қайта қарастыру қажет», деп жазады.

«Кеше наурыздың 12-сіндегі су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш ауылының тұрғындары Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің қолынан жаңа үйлердің кілтін алды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылым құрылыс жұмыстарының рекордтық қысқа мерзімде, яғни апат орын алған күні облыс басшысы уәде еткен бар-жоғы 4 айдың ішінде аяқталғандығын баса айтқан.

Екі жарым мыңға жуық қызылағаштықтар 462 заманауи коттедждерге, сондай-ақ күрделі жөндеуден өткен 25 үйге қоныстанды. Жаңадан салынған баспаналардың барлығы да тұрмысқа қажетті жиһазбен, тұрмыстық техникалармен жабдықталған. Сонымен қатар елді мекенге сапалы ауыз су да тартылып, әрбір үйге су құбырлары жеткізілді. Көшелерге асфальт төселіп, олардың барлығы да жарықтандырылды. Қоныс тойын тойлаған қызылағаштықтар кеше күрделі жөндеуден өткен мектептің, аурухананың, балабақшаның, тіпті ауыл мамандарына арналған 12 коммуналдық пәтердің ашылу рәсіміне куә болды.

Халықаралық валюта қорының эксперттері ағымдағы жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4 пайызға артады деп болжап отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткішке мұнай және шикізат секторларының есебінен қол жеткізіледі. Сондай-ақ аталған қордың мәліметтері бойынша, республикадағы инфляция деңгейі 7,5 пайызды құрамақ. Бұндай мәліметтерді «Известия Казахстан» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «МВФ - за прозрачную стратегию санации банков» деген мақаласында жариялап отыр.

«Темекі қорабының қаптамасы 2012 жылы тағы да өзгертілуі мүмкін», деп жазады «Экспрес-К» газеті.

Бұл жолғы өзгерту Еуропалық экономикалық қауымдастықтың техникалық регламентінің күшіне енуіне байланысты жасалмақ. Басылымның атап өтуінше, аталған қауымдастықтың техникалық регламент жасау жөніндегі жұмыс тобы Ресей, Қазақстан, Беларус, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің аумағында темекі өнімдерін өндіру және сатудың бірыңғай ережесін ойластыру үстінде.