«Қазақтың тағамына италиялықтардың бағамы оң болды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 3-і, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қазақтың тағамына италиялықтардың бағамы оң болды» - республикалық басылымдарға шолу

***

Қыркүйектің 2-сінде Үкіметте Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық кеңес өтті. Кеңесте елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен қоршаған ортаны қорғауда басты маңызға ие болып табылатын 2010-2014 жылдарға арналған "Жасыл даму" салалық бағдарламасы жобалары тағы бір пысықталып, мақұлданды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Бағдарламаларға байыпты баға берілді» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «2010-2014 жылдарға арналған "Жасыл даму" бағдарламасы шеңберінде баяндама жасаған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов аталған бағдарлама Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын және Елбасының тікелей тапсырмасын іске асыруға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар ол бағдарламаны іске асыру нәтижесінде бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланып отырғанын, атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының төмендеу пайызы 2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға қарай кемінде 5,9 пайызды құрайтынын атап өтті. Парникті газдардың жылдық шығарымдылары көлемінің төмендеуі 2014 жылы 1992 жылға қарағанда 1 пайызға жетпек. Киіктер санының өсуі 2014 жылға таман 10 пайызды құраса, орман отырғызу көлемінің жыл сайынғы ұлғаюы 2014 жылға қарай 65 мың гектарды құрайтын болады», деп жазады басылым.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев кеше ТМД елдерімен танысу аясында Қазақстанға келген Жапония Парламенті Өкілдер палатасы (төменгі палата) Халықаралық істер жөніндегі комитетінің Төрағасы Мунеэ Судзукимен кездесті Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен болашағын, екі елдің халықаралық бірлестіктер шеңберіндегі ықпалдастығын, сонымен қатар, қазіргі заманғы халықаралық қатынастарды, соның ішінде Орталық Азиядағы жағдайды, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқыға салды. Сондай-ақ қауіпсіз әлем ғаламдық мәселесін көтере отырып, тараптар ядролық қарусыздану және бейбіт атомды дамыту салаларында өзара ықпалдасу жөнінде пікір алмасты. Осыған орай қазақстандық СІМ басшысы қайғылы кезеңді еске алды - осыдан 65 жыл бұрын Хиросима және Нагасакиге ядролық бомба тасталған болатын. Мемлекеттік хатшы 40 жылға созылған Семей полигонындағы ядролық сынақтардан миллиондаған отандастарымыз жапа шеккендігін атап өтті.

Үстіміздегі жылы орын алған төтенше құрғақшылық салдарынан алынатын астықтың азаю ықтималдығына қарамастан, Қазақстан эспортқа шығаратын бидайдың көлемін бұрын межелеп қойған мезіреттен кеміткелі отырған жоқ. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл жоспарына Кеден одағындағы әріптестерінің бірі - Ресей үкіметінің сыртқа астық шығаруға тыйым салып отырғаны да әсер етпейтін түрі бар. Бұл турасында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Экспорт көлемі - 8 млн. тонна астық» деген мақалада кеңінен айтылған. «Сөздің сыңайында еліміздің экспорттық әлеуетіне әл беріп отырған фактордың бірі қамбаларымызда өткен жылдан біраз астықтың қалғандығы екенін де айтуымыз керек. Нақтылап айтқанда, былтырдан ауысып келе жатқан 6 млн. тонна астық қоры осы сенімділікке серпін беріп отыр. Ал 8 млн. тонна астықты экспортқа шығару біздің еліміз үшін де бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш болғалы тұр. Бұл сауданың сорабы осы кездерден басталып кетті. Жақында Қазақстанның көрші қырғыз еліне, көлік шығынын қоспағанда, шамамен сомасы 21,5 млн. теңге мөлшеріндегі қаржыға 150 мың тонна азық-түліктік бидай сатуға келісім бергені белгілі болды. Жалпы, Қырғызстан жыл сайын Ресей мен Қазақстаннан 300-350 мың тонна бидай сатып алып тұрады екен. Жыл басынан бері айырқалпақтылар елі бізден 160 мың тонна астық алып та үлгеріпті. Ал жоғарыдағы астықты жылдың соңына дейін әкеткілері бар», деп жазады басылым.

***

«Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қытай Компартиясы Орталық Секретариатының хатшысы, Қытай Компартиясы Орталық комитеті насихаттау министрі Лю Юньшань мырза бастаған Қытай Коммунистік партиясының делегациясымен кездесті», деп жазады «Айқын» газеті. Әңгіме барысында Нұрлан Нығматулин «Нұр Отан» ХДП төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия алдына қойған негізгі тапсырмалары, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде партияның жүргізіп отырған саясаты, партияның Парламенттегі фракциясының жұмысы жайлы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» ХДП-ның 2020 жылға дейінгі Жаңа Бағдарламасы қабылданатынын, алдағы уақытта партияның ХІІІ съезі өтетінінен де хабардар етті. Тараптар Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы мен ағымдағы жылдың желтоқсан айында Астанада өткізілетін ЕҚЫҰ Саммиті туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, Қазақстанның 2010 жылдың маусым айынан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп жатқаны, ал 2011 жылға жоспарланған Ислам Конференциясы ұйымына жетекшілігі де назардан тыс қалған жоқ.

Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - "Жас-Ай" Шығыс-Тибет медициналық орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы. Сұхбат «Сау адам болғыңыз келсе, тегіңізді таныңыз» деген тақырыппен берілген. Шығыстық инемен емдеу, қазақ тағамдарының пайдасы, сонымен қатар медицинаның өзекті мәселеріне орайластырып қойылған сауалдардың барлығына тұщымды жауап берген ол «Адам миды көбірек жұмыс істетсе, соғұрлым көбірек өмір сүреді. Спортпен айналысқанда бұлшық еттер қалай өсіп, шыдамдылығын арттырса, ми да солай шыныға түседі. Қазір кітап оқу азайып кетті. Оқу ойлануға итермелейді», депті.

Тамыздың соңғы аптасында бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген үлкен әңгіменің бірі де бірегейі алдағы Азияда ойындарында айтылар Әнұран төңірегінде өрбіген болатын. Осы мәселеге жіті назар аударған «Айқын» газеті жұма күнгі нөмірінде «Атамекенді» айтсақ, айып емес» деген тақырыппен мақала басты. «Қадірлі қонақтар Астана мен Алматыдан қазақтың мәдениетінен суындап кетпесе, ең ұяты - сол. Демек, олардың алдында қазақ қалай, несімен танылуы керек? Барлық мәселе осыған келіп тіреліп тұр. Меніңше, ән жазыла қалған күнде тек мемлекеттік тілде жазылып, оның әнінен қазақы әуен анық сезілуі тиіс. Өйткені әлемде Олимпиаданы өткізген мемлекеттер, ең алдымен Әнұранды өз тілінде айтады. Біз де сондай дәстүрден айнымағанымыз абзал. Осы жерде менің айтайын дегенім, сазгер ағамыз Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні неге Ақ олимпиаданың Әнұранына айналмайды? Қазір Елорданың өзінде Елбасының қатысуымен өткен көптеген мәдени шараларда осы ән жиі айтылады. Айтылғанда қандай, ел орнынан тік тұрып, қол соғады. Расында да, ұлт рухын оятатын, жігерін қайрайтын, мақтаныш сезіміне бөлейтін осы ән алдағы дүбірдің сән-салтанатын келтіріп, нағыз Әнұранға айналарына кәміл сенемін», делінген мақалада.

***

Парламент Мәжілісінің кешегі алғашқы жалпы отырысында депутат Бақыт Сыздықова Премьер-министрдің атына жолдаған сауалында қыркүйектің 1-і - Білім күнін демалыс күні ретінде жариялауды ұсынды. Депутат өз ұсынысын «осы күні көптеген ата-аналар балаларымен алғашқы қоңырауға қатысу үшін жұмысынан сұранатынын, сол себепті мекемелерде жұмыс күші азаятындығымен» түсіндірді. Әрі бұл күн «бүгіннің өзінде отбасылық мерекеге айналып отырғанын» айтқан болатын. Осы мәселені «Алаш айнасы» бүгінгі нөміріндегі «Ой-көкпар» айдарында таразы басына тартып отыр. Көтерген мәселені құптаған немесе теріске шығарған пікірді оқып, білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

«Кеше атақ-дабырасымен халықаралық нарықта ойып тұрып орын ала білген италиялық «Слоу Фуд» сапалы азық-түлік өнімін өндіру компаниясының бірқатар өкілдері Алматыға ат басын тіреді. Мақсаттары - қазақ еліндегі азық-түлік қауіпсіздігінің әлеуетін зерттеу; қазақтардың тамақтану үрдісін саралау және елдегі агро-өнімнің сапасына зер салу», деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Қазақтың тағамына италиялықтардың бағамы оң болды» деген тақырыппен басылған мақаласында. Жалпы, елімізге сапарлап келген италиялықтар Қазақстанның ауыл шаруашылығы аумағы ауқымды екеніне, елде игерілмей бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің көптігіне таңырқады. «Біз қолымызда мұндай мүмкіндіктер болса, бос жібермеуге тырысамыз. Сіздерде үлкен-үлкен мүмкіндіктер бар. Осыны құр жібермеуді ойласқан абзал», деген италиялық өкіл Паоло Гаспарини «қазаққа ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен мән беру керектігін» баса айтқан.

«Шенеуніктерге ашуланып, 8-қабаттан секіріп кетті». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарияланған мақалада жұрт білім мерекесін қарсы алып, оқушылар мен ата-аналар жаппай мектепке жол тартқанда Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы орналасқан 9 қабатты ғимараттың 8-ші қабатынан 46 жастағы әйел өзін-өзі тастап өлтіргендігі жайында жазылған. Бірақ мұны білім басқармасына тікелей қатысты деп жорамалдаудың қажеті жоқ. Оқиға басына барған бір полиция қызметкерінің айтуынша, ол 8-ші қабаттан секірерден бірнеше минут бұрын туысқандарының біріне телефон арқылы хабарласып, «қазір секіріп өлетінін» айтқан. Марқұмның не себепті секіргенін, оған кімнің кінәсі барын тиісті орындар анықтау үстінде.

***

«Кеше Мемлекет басшысы Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедті қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. М.Құл-Мұхаммед Президентті Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлттық бірлікті нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымда қолданылуын қамтамасыз етуге тиісті Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасының негізгі бағыттары туралы хабардар етті. Сондай-ақ «Мәдени мұра» бағдарламасының орындалу барысы, атап айтқанда, ғылыми-қолданбалы зерттеулерді, археологиялық қазбаларды жүргізуді, тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруді жүзеге асыру туралы баяндады.