Қазақтың тілі мен мәдениеті қызықтырады – атыраулық домбырашы Андриан Романов
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қазақша сөйлейтін орыс баласы Андриан Романов домбырамен Құрманғазының күйін тартады. «Туған еліңнің тарихын, жергілікті ұлттың тілі мен салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін терең білу артық етпейді. Өзім қазақша еркін сөйлеймін» деген ол болашағын қазақ өнерімен байланыстырғысы келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Андриан Романов Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұрады. Осындағы Құлсары балалар өнер мектебінің домбыра класын бітірген. Ал, інісі фортепиано класында оқып жүр.
Ол былтыр «Мың бала» жобасы аясында «Өнерлі өрге жүзер» байқауына қатысқан. Байқаудың мақсаты – өзге этностар балаларының қазақтың ұлттық өнерін меңгеруге қызығушылығын ояту.

«Менің таңдаған аспабым – домбыра. Кішкентай кезімнен домбыраның үнін ұнатушы едім. Ал, домбыра тартуды ұстазым Талант Балғынбаев үйретті. Байқауда қазақтың қайталанбас композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін орындадым. Неге бұл күйді таңдадым? Өйткені, бұл – адамның көңіл-күйін шарықтататын, жігерлендіретін күй. Осы күйді орындау арқылы байқаудың жеңімпазы атандым. Астанада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің қолынан марапат алған сәтте қуанышымда шек болмады. Домбырада ойнауды меңгеруіме, республикалық байқаудың жеңімпазы атануыма ұстазымның еңбегі зор» -дейді Андриан Романов.
Жас домбырашының айтуынша, Жылыой ауданында қазақпен бірге бірнеше этностың өкілі тұрады. Оның ішінде орыстар мен татарлар, өзбектер пен қарақалпақтар бар.
«Біздің ауданда қазақтың өнерін дәріптеп жүрген, әсіресе, домбыра шертуді меңгерген өзге этностың өкілдері де бар. Өйткені, туған еліңнің тарихын, жергілікті ұлттың тілі мен салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін терең білу артық етпейді. Өзім қазақша еркін сөйлеймін», -дейді Андриан Романов.
Енді ол болашағын қазақ өнерімен байланыстыруды көздеп отыр. Оның арманы – Ақтаудағы өнер колледжінде білім алу.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық кәріс қызы қазақ тіліне бауыр басып, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанын айтқан еді.