«Қазақтың тойын реформалау қажет пе?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 12 қыркүйек, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Тәуелсіздік жылдарында елімізде орныққан нарықтық қатынастардан туындаған жаңа экономикалық ахуал жағдайында әлеуметтік-еңбек мәселелерін реттейтін негізгі құрал әлеуметтік серіктестік болып табылады. Қазақстан кәсіподақтары еліміздегі реформалардың алғашқы кезеңінен бастап-ақ әлеуметтік серіктестікті мемлекет, жұмыс беруші және жұмыс істеушілер арасындағы өзара тиімді мүдделерді іс жүзіне асырудың нақты мүмкіндігі ретінде қабыл алды. Бүгінде еліміздегі мыңдаған еңбеккерлердің мүддесін білдіріп отырған бірқатар салалық кәсіподақтар осы негізге сүйеніп, қызмет атқаруда. «Егемен Қазақстан» газеті солардың бірі, еліміздегі машина жасау өндірісі саласының мыңдаған еңбеккерлерінің әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеп отырған Қазақстан Республикасы Машина жасау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қайырбек Құсайыновты әңгімеге тартқан. Бұл сұхбат «Әлеуметтік серіктестік - басты тұғыр» деген тақырыппен беріліп отыр.
«Жезқазған жеріне аяқ басысымен ел-жұрттың көңіл күйіндегі бір серпілісті аңғардық: кеше ғана осы өңірге арнайы келіп Ұлытау төрінде телесұхбат өткізген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзінің қызуы төңіректе әлі басылмаған. Екінің бірі «Кеше Елбасымыз Ұлытауға келгенде осылай деген жоқ па еді» деп желпінетін болыпты. Әсіресе, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайдың директоры Кенжал Балкенов, істің басы-қасында жүрген Тағамбай қажы Шамбұлов, Қадір қажы Үңгітбаев, Сағындық қажы Қожамсейітов, қала әкімдігінің, мәслихатының басшылары, «Қазақмыс» корпорациясының қызметкерлері, өзге де жұртшылық өкілдері ешкім қамшыламай-ақ «Ұлытау төріндегі сұхбатқа» сілтеме жасап сөйлегенде көсіле жөнеледі», - деп жазады Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, белгілі ақын Жүрсін Ерман «Кетбұқаның оралуы» деген эссе-баянында. Бұл толғауда ақын ұлттық құндылықтарымызды әспеттеуде Жезқазған өңірінде атқарылып жатқан игі жұмыстарды тілге тиек етеді.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында « Қазақтың тойын реформалау қажет пе?» деген мақала берілген. Отбасы күні қарсаңында батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова Оңтүстік Қазақстан облысында болып, студенттермен кездесу өткізді. Кездесуде қаламгер көңілге қонымды ой айтты. Зейнеп Ахметова өз салтымыздан жерініп, өзгенікіне жерік болып жүргендерге сабақ болар тәлімін жеткізді. Зейнеп апа «Қазақтың тойының сценарийін өзгерту керек» деген пікірде. Жазушының бұл пікірінің жаны бар. Қазақтың тойы ұлттық болмысынан ажырап барады. Бүгінгі мақаланың өзегі осы мәселеге арналып отыр.
Осы басылымда « Судьяның қай жаста зейнеткерлікке шыққаны дұрыс?» атты мақала жарияланды. Судья қызметі Қазақстандағы ең бір тартымды жұмысқа айналуы мүмкін. Мұның заңнамалық тұғыры ендігі түзілуде. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен кешегі жалпы отырыстарында сенаторлар осы саладағы қос бірдей заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Дегенмен қарсы пікір айтқан депутаттар да табылды. Олар төл тәжірибелеріне жүгініп, соттасқанда кезіккен қиыншылықтарын, өз бастарынан кешкен оқиғаларын алға тартты. Бірақ ақыр соңында сот болып қызмет ету тәжірибесі бар сенаторлардың сөзі басым түсті. Қызу пікірталастың бірі «неге судья 40 жаста зейнеткерлікке шығуы керек?» деген мәселе айналасында өрбіді.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Хабарсыз кеткендердің» аты-жөнін анықтайық» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Жақында Польша жерінде 1941 жылы маусым-шілде айларында шейіт болған кеңес жауынгерлерінің мүрделері анықталды. Солардың арасынан қазақ жауынгерінің мүрдесі табылды. «Медальоны жақсы сақталған, енді туыстарын іздейміз. Медальондағы жазуларды қатесіз оқу мүмкін емес болып шықты. Ол медальонда жауынгердің тегі - Желескаев, аты -Абдувей деп жазылған. Майдангерлердің құжаттарын толтыратын жерде өзге ұлт өкілдері отырғандықтан көп адамдардың тегі мен аты қате жазылғаны белгілі. «Хабарсыз кетті» дегендердің табылмай жүруінің бір себебі де осы, аты-жөндерінің қате жазылуынан. Сондықтан бұл жауынгердің тегін анықтауда түрлі нұсқалар жасап көрдік. «Абдувей» деген есімі «Әбдуәлі» болуы керек. Соғыста әлдеқандай жағдай болғанда елге қай туысқанға хабар беру керектігін де көрсеткен екен. Онда Кимсай Жанбубиев деген кісіні белгілеген. Мұны да бірнеше нұсқа жасау арқылы анықтау қажеттігі туып отыр. Ал туған жері Қазақстан екені анық», - деп жазады мақала авторы.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Саудовскую Аравию не беспокоят цены на нефть» атты материал басылды. Сауд Арабиясы әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуіне қатты алаңдап отырған жоқ, деп мәлімдеді осы елдің мұнай өнеркәсібі министрі Али ан-Нуэйми.
«Мұнай бағасы әрдайым өзгеріп отырады және бұл жағдайды қалыпты деп санаймыз», - деді ол. Министрдің сөзіне қарағанда, баға мәселесі бойынша ОПЕК өкілдерінің кездесуі қажеттілігі жайында айту әзірге ертерек. Сауд Арабиясы мұнай өндіру бойынша ОПЕК-тің ірі мемлекеті болып саналады. Тамызда олар мұнай өндіру көлемін тәулігіне 330 мың баррельге қысқартты.