Қазақтың тұңғыш кинооператорының 100 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды
Ы. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Белгілі кинооператор, халық әртісі, кинематографистер одағының мүшесі Ескендір Тынышбаевтың 100 жылдығына арналған пошталық маркасы шығарылды. Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында осы марканың таныстырылымы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ескендір Тынышбаев қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби кинооператор. Мәскеу кинематография институтының операторлық факультетінің алғашқы түлектерінің бірі. «Халық жауы» атанып Сталиндік репрессияның құрбаны болған қазақтың біртуар ұлы, алғашқы қазақ инженері Мұхаметжан Тынышбаевтың ұлы. Артына Ю.Литвяков, В.Белялов, Б.Нүсіпбеков, А.Шорабаев сынды отандық кино мен телевидениедегі танымал кинооператорлар тәрбиелеп қалдырған ұстаз. Оның операторлығымен «Дала қызы», «Оның заманы келеді», «Бізді таны», «Біз Жетісуданбыз» сынды ондаған көркем, жүздеген деректі, ғылыми-танымдық фильмдер түсіріліп, Қазақстан киносының «алтын қорына» енгізілген.
Пошта маркасында Е.Тынышбаевтың кинокамерамен түскен суреті бейнеленген. Суретшісі - Данияр Мұхамеджанов.
Пошта маркасының таныстырылымында Қазпошта, ҚР Ұлттық кітапханасы қызметкерлері, Тынышбаевтар отбасының мүшелері болды. Тынышбаевтар әулеті шара барысында отбасы мұрағатында сақталған құжаттарды, баспасөзге жарияланған мақалаларды, фотокиноматериалдарды Ұлттық кітапханаға сыйға тартты. Сондай-ақ кітап көрмесі ұйымдастырылды.