10:15, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақтың ұлттық әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін бір жылдың ішінде қағазға түсіруге болады ? этнограф Жағда Бабалық
АЛМАТЫ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ұлттық әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін бір жылдың ішінде қағазға түсіруге болады.
Оны этнограф, ғалым Жағда Бабалық Алматыда өткен «Қазақтың мәдени ұлттық брендін қалыптастыру: тәжірибе және болашағы» деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазақтың мәдени ұлттық брендін қалыптастыру үшін алдымен қайсы дүниеміз артық, қайсы дүниеміз кем, қайсы дүниеміз қасиетті, қайсы дүниеміз киелі екенін анықтап алу керек. Мен қазақ халқының әдет-салтын, ғұрпын, ұлттық рухын және тағы басқа дүниелерін қағазға түсіріп алайын деп талай рет ұмтылып көрдім. Шамам жетпеді. Қазақтың этнографиясын, әдет-салтын, ғұрпын білетін адамдармен сөйлесіп көрдім. Біз тал бесіктен жер бесікке дейінгі екі аралықты қазақтың әдет-салтын қағазға түсіріп, талқылап көрейік. Оны бір жылдың ішінде қағазға түсірудің жоспарын жасадым», дейді Жағда Бабалық. Қазақтың әйгілі этнограф ғалымының айтуынша, бұл мәселе қазір олардың бас қосып жұмыс істейтін орынын табуға ғана тіреліп тұр. Егер кеңсе мен жазу құралдары жағынан көмек көрсететін демеушілер табылса, жұмысты бірден бастап кетуге олар тастүйін дайын отыр.