Қазақтың ұлттық аграрлық университетіне Украина Халық Батырынан құттықтау хат келді

Бұл туралы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболов бүгін Алматыда Ұлы Жеңістің 67 және Қазақстан Қарулы күштерінің 20 жылдығына арналған салтанатты шара кезінде айтты.
«Ұлы Отан соғысы жылдары 1941-1945 жылдары Киев ауыл шаруашылығы институтының 150 оқытушысы мен 400-дей студенті Қазақстанға қоныс аударды. Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының шаңырағынан пана тапқан олар жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында қонақжай қазақ еліне алғыс хат жолдауды дәстүрге айналдыруда. Бұл игі дәстүр биыл да өз жалғасын тауып отыр», - дейді Т.Есболов. Оның айтуынша, Украина Халық Батыры, Украина ұлттық университетінің ректоры Дмитрий Алексеевич өз ұжымының атынан жолдаған бұл хатында да қазақ халқына, оның білім ордасына зор алғысын білдірген.
«Біздің оқу орнымыздан соғыс басталған кезде алғашқы кезекте 250 адам майданға аттанған болатын. Кейін олардың қатары 600-ге дейін жетті. Алайда сұм соғыстан елге тек 40 пайызы ғана оралған еді. Қазіргі таңда оның 9-ы ғана қалды. Бүгінгі шараға солардың арасынан Зұлқарнай Сейітов, Александр Медведов секілді 6 ардагер қатысып отыр», - дейді университет басшысы Т.Есболов.