Қазақтың ұлы билері бай рухани мұра қалдырды - Қайрат Мәми

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғарғы Сотта Қайрат Мәмидің төрағалығымен «Мәңгілік ел» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының шеңберінде «Қазақ құқығы мен билер сотының әлем өркениетіндегі орны» атты үшінші секцияның жұмысы болып өтті.

Қазақтың ұлы билері бай рухани мұра қалдырды - Қайрат Мәми

Ведомоствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға құқық, тарих, философия саласындағы отандық және шетелдік белгілі ғалымдар, Жоғарғы Соттың судьялары, сондай-ақ бірқатар облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары қатысты.

Секция жұмысын аша келе, Қайрат Мәми биылғы жылы елімізде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтіліп жатқандығын, Жоғарғы Соттың бұл игі іс-шарадан тыс қалмағандығын атап өтті.

«Хандық басқару жүйесі елімізді біртұтас ұлт ретінде ұйыстыруға, мәйегі мықты мемлекет құруға, оның құқықтық ережелері мен әдет-ғұрыптарын заңдастыруға айрықша үлес қосты. Сонымен қатар қазақ даласында қалыптасқан хандық жүйесінде билер соты айрықша рөл атқарды», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы.

Дала сотының феномені атанған билер еліміздің сот-құқықтық және әкімшілік-басқару қызметін қатар атқарды. Ең бірінші кезекте билер рухани-адамгершілік құндылықтарды қорғады. Қоғамдағы ішкі келісім мен мемлекеттің тұрақтылығын сақтауда, әділ соттың тәрбиелік және алдын алу қызметін қамтамасыз етті. Қоғамдағы жанжалдардың болмауына барынша ықпал етіп, халық құрметіне кенелді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан қоғамның мемлекеттік және құқықтық мәдениетінің қалыптасуындағы билер соты институтының маңызы зор. Қазақтың ұлы билері бай рухани мұра қалдырды, олар әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ.

Секцияда Ресей Ғылым академиясының Тарих институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нелля Бекмаханова, Сапиенца Рим университетінің профессоры, EURAS ұйымынң өкілетті директоры Фабио Грасси, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Алтай Тайжанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Зайлағи Кенжалиев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ибраева және т.б. сөз сөйледі.

Ғалымдар баяндамаларында қазақ құқығы мен билер сотының әлемдік өркениеттегі орнын, Қазақ хандығындағы саяси институттардың қалыптасуы, Қазақстандағы сот құрылысы мен құқықтық реформалардың тарихы, дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер сотының дамуы, билер шешімінің рөлі мен олардың орындалу ерекшеліктері мәселелерін жан-жақты талқылады.

Секция жұмысының қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Онда билер сотының қайталанбастығы туралы ғылыми тұжырымдамасының мәні, оның теориялық және тәжірибелік маңызы, сондай-ақ оның әлемдік өркениеттегі рөлін ескере келе осы бағыттағы зерттеулердің қатарын кеңейту және одан әрі тереңдету қажеттігі айтылды.

2015 жылдың барысында республика соттары билер сотының қалыптасу тарихының маңыздылығын зерттеу бойынша жүйелі жұмыспен айналысып келеді. Айталық, а.ж. 13-22 мамыр аралығында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында өңірлік ғылыми конференциялар өткізілді. Аталған конференцияларда билер сотының қалыптасуы, сондай-ақ оның Қазақ хандығының пайда болуы мен дамуына ықпалының түрлі мәселелері талқыланды. Конференцияның әрқайсысы бойынша баяндамалар жинағы шығарылды.