Қазақтың жаны - қандастың қамы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күні кеше ресми Ақорда ұлт болашағы үшін аса маңызды шешім қабылдады. Бұл шешім турасында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Көші-қон заңына бірқатар өзгерістердің енгізілгенін жеткізу арқылы мәлім етті.
Онда біріншіден, қандастарымыздың азаматтық алу, орналасу және әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізу мәселесі қайтадан қарастырылған. Бұрынғы ереже бойынша қандастарымызға тек белгіленген аймақтарға ғана көшіп келген жағдайда оралман мәртебесі берілетін еді. Енді шеттен келген ағайындардың қай облысты таңдауы өз еркінде және олардың барлығына бірдей оралман мәртебесі беріледі. Екіншіден, жақында өзгеріске ұшыраған заңнама бойынша белгіленген аймақтардан өзге өңірлерге қоныстанбақ болған қандастарымыз шетел азаматтарымен ұқсас төлем қабілетін растауы қажет еді. Жаңа мақұлданған шешімге байланысты қандас-
тарымызға ешқандай төлем қабілеті жөнінде дәлелдеменің қажеті жоқ. Үшіншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этникалық қазақтар төрт жыл бойы уақытша тұрып жатқан тұлға ретінде қаралса, содан кейінгі үш жылдың ішінде азаматтық алу мүмкіндігін алатын. Бұның барлығы қазір бір жылға дейін қарастырылды. Сонымен қатар, министр ханым қандастарымыз ішкі көші-қон саясатына байланысты тиісті мекемелердің бағыттаған мамандар тапшы аймақтарға қарай баратын болса, әлеуметтік жағына барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Тамара Босымбекқызының айтуынша, қандастарымыздың жолға кеткен шығыны өтеліп, олар жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. Сол арқылы жалға алған үйді олар бес жылдың ішінде өздерінің меншігіне аударуға мүмкіндік алмақ. Ең бастысы, алдыңғы заңымызда шетелден келген қандастарымыз оралман мәртебесiн алып, 7 жылдан кейiн ғана мемлекеттiң азаматтығына ие болса, қазiр қайтып келгеннен кейiн 1 жылдың iшiнде азамат оралман мәртебесiн алады, содан кейiн 1 жылдан соң азаматтыққа қол жеткізе алады. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін де оралмандардың азаматтық алу мерзімі қоғамда қызу талқыланды. Билік баспалдақтарына дейін жетті. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин шеттен келген қандастарымыздың азаматтық алу, қоныстану, тұрғын-үй мәселесі жайында жоғары палатада бірнеше мәрте алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Сенатор қандастарға қатысты жанайқайын жекелеген министрлермен де талқылаған. Бұл жөнінде электронды ақпарат құралдары, әлеуметтік желілерде, интернет-порталдарда сан рет айтылды. Еңбек министрінің күні кешегі мәлімдемесі шын мәнінде қоғамдағы басты түйткілге нүкте қойғандай болды.
Г.СЫДЫҚОВА