«Қазақы оюмен безендірілген кілемге сұраныс жоғары» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 16 шілде, сәрсенбі күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында денсаулық сақтау саласының үздiгi, тәңірі қалаған дәрігер, алтын қолды хирург, кәсіби акушер-гинеколог Эльмира Жақышевамен арадағы сұхбат берілген. «Кесарь тілігі - ең ежелгі, сондай-ақ, қазіргі заманда әлемде неғұрлым жиі қолданылатын акушерлік операцияның бірі. Бірақ, табиғи босануда қандай да бір кедергілер болса, босандырудың осы баламалы тәсілінен басқа жол жоқ. Ол әрбір жағдайда қатаң медициналық көрсеткіштер бойынша және жеке түрде шешіледі. Бұл ретте, барлық ықтимал қауіп дәрежесін ескеру керек. Баланы кесарь тілігімен алу жөніндегі шығарылған оң шешім әйел мен нәрестенің денсаулығы үшін табиғи босану үдерісінен болатын жоғары қауіп жағдай кезінде қабылданады. Соңғы он жылда бірқатар факторлар кесарь тілігі жиілігінің өсу себептеріне тікелей әсер етті. Мәселен, бірінші рет босанатын жасы келген әйелдер санының, күрделі аурулар жиынтығы немесе жатырында тыртығы бар, бірақ келесі жүктілікті жоспарлайтын әйелдер санының, сондай-ақ, қосалқы репродукция әдістерінің көмегімен жүкті болған пациенттер санының көбеюінен. Бұл ретте барлық көрсеткіштердің абсолютті және салыстырмалы болып бөлінетінін атап өткен жөн. Абсолютті көрсеткіштер - егер табиғи босандыру мүмкін болмай, ана мен баланың өміріне қауіп төнгенде. Мұндай жағдайда кесарь тілігі мәселесі талқыланбайды, қарсы көрсеткіштер мен қажетті жағдайлар есепке алынбай-ақ орындалады. Хирургиялық араласу туралы шешімді барлық факторлар негізінде акушер-гинеколог дәрігер қабылдайды», - дейді Эльмира Жақашева. Бұл сұхбат «Әйел бақытының ғажабы - бала сүйіп, ана атану...» деген тақырыппен басылды.
Осы басылымда «Оңтүстіктегі орақ» атты мақала берілген. Оңтүстікте орақ қызған шақ. Жалпы, дархан даласы да, шөлі мен шөлейті де, қып-қызыл құмы да, асқаралы таулары мен қырмызы қыраттары да қызықтыратын өзгеше өңіріңізде биылғы егін орағының ерекшеліктері баршылық. «Оңтүстік диқандарының қабағында қалың кірбің жоқ. Күздік бидай мен арпаның дәні ауыңқырап кетсе де, әр гектарынан 11-12 центнерден өнім жиналатынына сенімді. Ысырапқа, ырғалып-жырғалуға жол бермей, тап-тұйнақтай тірлік жасап жатыр. Шілде басында жаппай орақ басталған. Айдың ортасы ауа облыстағы 196 мың гектар масақты дақылдың 50 мың гектардайының өнімі жиналды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшыларының мәлімдеуіне қарағанда, 245 мың тонна астық қамбаға құйылады деп жоспарлануда»,-деп жазады газет.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, қазақстандықтар келесі жылдан бастап, ұялы байланыс операторларының «құлы» болмайды. Кеше ел Үкіметі «мобильді құлдық» деп аталатын құбылысты жойғалы отырғандарын жариялады. Астанада Өңірлік достастықтың байланыс әкімшілері басшыларының кеңесі өзінің 49-отырысын өткізген болатын. Мұндай жиын елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған ТМД-ға қатысушы елдердің ақпараттандыру және байланысқа жауап беретін министрлері мен агенттік басшылары, сондай-ақ Қытай, Ұлыбритания, Корея, Польша, Түркияның өкілдері қатысты. Отырыста сөз алған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда азаматтарға 2015 жылдан бастап «ұялы телефон нөмірін порттау қызметін пайдалану» мүмкіндігі берілетіндігін мәлімдеді. Яғни қарапайым тілмен айтқанда, қазақстандықтар бір ұялы байланыс операторынан екіншісіне көшкенде, нөмірін ауыстырмауына да болады. Бұл жайында «Мобильді құлдықтан құтыласыз» деген мақалада толық берілген.
Осы басыламда «Бал Текстиль» ЖШС-ның директоры Талғат Жүнісбекұлымен арадағы сұхбат «Қазақы оюмен безендірілген кілемге сұраныс жоғары» атты тақырыппен жарияланды. «Жылдық қуаттылығы - 15 млн. шаршы метр кілем және 8000 тонна полипропилен кілем жібін өндіру. Қазіргі жоспарымыз бойынша, шығарылған өнімнің 60 пайызы ішкі нарыққа, 40 пайызы экспортқа бағыт талған. Болашақта жұмыс орнын беру мүмкіндігіміз 700 адамды құрам а қ . Жобамыздың негізгі үш кезеңіне сәйкес, бірінші кезеңде кілем фабрикасы толықтай құрылысы аяқталып, жобаға салынған инвестиция құны 940 млн теңгені құрады. Бұл кезеңде 2,3 шаршы метр кілем бұйымдарын өндіреміз. Қазіргі таңда 150 жұмыс орны ашылды», - дейді Т. Жүнісбекұлы.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Продам участок на Луне. Торг уместен» деген мақала берілген. Купондық жеңілдіктердің қазақстандық танымал сайтында Айда, Марста, Венерада және өзге де планеталарда жер телімдері сатылатындығы хабарланған. Жер серігінде 30 сотық учаскенің құнын халықаралық деңгейде жұмыс істейтін алғыр пысықтар 2 250 теңгеге бағалаған көрінеді. Жерге ұқсас планеталарда осындай қаржы көлеміне 60 сотық учаскені алуға болады екен.