Қазақы салтты дәріптейтін мүмкіндіктерді жібермеуге тырысамыз – Иордания университетінің оқытушысы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көктемде аталып өтетін ұлық мерекелердің бірі – Наурыз. Көптеген халықтардың өмір салтынан орын алған айтулы мерекені әр ел өзінше қарсы алады. Дегенмен әлемде жайлаған пандемия көптеген мемлекеттердің, ондағы халықтардың ұлық мерекені атап өту жоспарына өзгеріс енгізуге мәжбүр етті. Осындай жағдайда Наурыз мерекесі қай елде қалай аталып өтіп жатыр ?
Бұл туралы Иордания, Ресей, Түркия, Араб Әмірліктері сияқты әлемнің бірнеше мемлекетінде білім алып, жұмыс істеп, сол елдердің салт-дәстүр, мәдениетімен етене таныс Иордания университетінің оқытушысы, жерлесіміз Бағдагүл Мұсаны сөзге тартқан едік.
Сіз бірнеше мемлекетте өмір сүрдіңіз, ол елдерде Наурызды қалай қарсы алады?
Түркияда Наурыз мерекесін әр аймақ өзінше атап өтеді. Мен оқыған бес жылда Анкарада түркі елдерінің ортақ жасаған мемлекеттік деңгейдегі ресми іс-шаралары болмаса Қазақстандағыдай халықтың тойлағанын көрмеппін. Мүмкін елдің басқа аймақтарында Наурызды атап өтетін шығар, бірақ ел астанасында ондайды байқамадым. Бірақ Ахмет Йасауи Университетінің Анкарадағы өкілеттігі болып табылатын Ахмет Йасауи білім ошағында сол кезде Анкараның әр түрлі университеттерінде магистратурада, докторантурада оқып жүрген қазақ студенттері және сол мекемеде қызмет атқарып жүрген түрік азаматтары болып кішігірім деңгейде атап өтетінбіз. Дегенмен жаңа айтып өткенімдей, атап өтетін кейбір аймақтарында наурыз мерекесі түріктердің, дәлірек айтқанда көк түріктердің, темір тауды ерітіп, Ергенеқоннан шығуымен байланыстырылып, көп жерде темір соғылып, от жағылып оттың үстінен аттайтын әдет-ғұрыптары басым. Одан басқа мал сойылып, ас берілетін, бір-біріне сыйлық тарту ететін әдеттері де бар.
Ал Таяу Шығыс елдерінің бәрінде болмағандықтан, тек Иордания туралы ғана айта аламын. Иорданияда тұрып жатқаныма 10 жылдай болды. Наурызды бұл жақта да тойланғанын көрмедім. Түркияда кейбір аймақтарында тойланатынын білетінмін. Ал Иорданияда мүлдем тойланбайды. Сондықтан біз, осы жақта тұрып жатқан қазақтар не болмаса Иорданияның әр түрлі университеттерінде білім алып жатқан қазақ студенттер болып кішігірім деңгейде атап өтеуге тырысамыз.
Шетелде жүріп қазақы салт-дәстүрден қол үзіп қалған жоқсыз ба ?
Отбасымда қазақтың бар салтын ұстануға мүмкіндік бола бермейді, дегенмен қолдан келгенше ұстануға тырысамын. Мысалы, үш баламды қырқынан шыққанға дейін күнде бірде тұзды, бірде сабынды, бірде теріге емдік қасиеті бар шөп қайнатып, суына алма-кезек шомылдырып, майлап-сылап, жауырыны жабысып қалмасын, мойны тез қатайсын, бұлшық еттері бос болмасын деп анамнан көрген жаттығуларымды жасап өсірдім. Бұл әдетті түріктерде де, арабтарда да кездестірмедім. Қырық күн бойы осыларды жасағаныма таң қалатын. Екінші балам тәй-тәй басып жүре бастағанда Қазақстанда едік, тұсауын кестік. Балаларымды анамнан естіген қарапайым бесік жырымен әлдилеп ұйықтатынмын. Осылай аз да болса қолымыздан келгенше әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді сақтауға тырысамыз.
Университетте қазақы салт-дәстүрімізді дәріптейтін мүмкіндіктерді жібермеуге тырысамыз. 2017 және 2018-жылдары университетте болған шет елдік студенттердің жәрмеңкесіне қатысып, киіз үйімізді тігіп, ұлттық киімдеріміз, бұйымдарымыз, тағамдарымызды таныттық. 2018 жылы мамандығыма байланысты түркі республикалары мен Иордания арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайту, түркі республикаларын жергілікті халыққа таныту мақсатымен өткізген үлкен іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты. Осы жердегі Қазақстан, Түркия, Әзербайжан елшіліктері, Өзбекстан консулдығы, Қырғыз студенттерінің ат салысуымен өткізілген іс-шарада да киіз үй тігіп, ұлттық бұйым, киім, тағамдарымызды танытып, асық ату, қол күрес, арқан тарту сияқты ұлттық ойындарымыз ойнатылып, ұтқан жандарға сыйлықтар, қазақ тәттілері таратылды.
Университетте жасалған осы іс-шаралардың барлығында Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігінің қолдауын ерекше атап өткім келеді. Тағы бір есімде түскен жай - 2019 - жылы домбыраның құлағында ойнамасам да, өзім қызмет атқарып жатқан шет тілдер факультетінде өткен іс-шарада қазақтың домбырасын танытып, күй тартқаным бар.
Түркі мәдениеті деген сабағым бойынша да басқа түркі халықтарымен қоса қазақ халқының да мәдениетін таныстыру мақсатымен өткізген қорытынды сабағым студенттерімде ұмытылмастай із қалдырды деген ойдамын.
Өкінішке қарай, пандемия кесірінен биыл Наурызға қатысты мерекелік іс-шаралар тоқтатылды.
Ал пандемияға дейін Наурыз мерекесін қалай қарсы алдыңыз?
Өткен жылдарды айтатын болсақ, 2016-2018-жылдары арасындағы Наурыз мерекесіне тоқталсақ болады. 2016-жылы Иордания Университетінен рұқсат алып, университеттің арнайы осындай іс-шараларға арналған көгалды бақшасында тойлаған болатынбыз. Басым көпшілігі Иорданияның әр түрлі университетінде білім алып жүрген қазақ студенттері мен кейбір осында тұрып жатқан қазақтар болып ат салысқанбыз. Ат шаптырып, көкпар тартпағанымызбен наурыз көжемізді пісіріп, наурызға сай дастарқан мәзірін жасап, домбырада ән айтып, күй тартып, қол күрес, арқан тартыс сияқты ұлттық ойындар ойнадық. Студенттермен тойлаған осы мерекеден басқа 2017 жылы жергілікті елшілік тарапынан ұйымдастырылған Наурыз тойын атап өтпеске болмас. Киіз үйіміз тігіліп, ұлттық тағамымыз пісіріліп, ән айтылып, күй шертіліп, осында жүрген қазақтардың басы қосылып бір марқайып қалғанымыз рас.
Елімізді, ұлттық тамағын, адамдарын сағынасыз ба ?
Ия, әрине. Елін, кіндік қаны тамған туған жерін сағынбайтын адам, оның ішінде қазақ болмайды деп ойлаймын. 15 жасымнан туған ауылымнан жырақта жүріп, сағыныш деген сезімге бойың үйренгендей болғанымен бәрібір де елді сағынасың. Туған жердің қадірін білу үшін мүмкін осындай сағыныш сезімі керек те шығар...
Ұлттық тағамдардың бәрін Иорданиядан табу қиын, дегенмен қолдан келгенше ауылдан қазы әкелгенде қазы қосып пісірілген ет тағам, тары, талқан, ауылдың сары майы, құрт-ірімшік сияқты ұлттық тағамдар дастарқан мәзірімізде орын алады. Жолдасым қазыны менен артық жақсы көреді. Мәнті, түшпара, палау, (соғым соймасақ та :)) қуырдақ пісіріп тұрамыз. Одан басқа бауырсақ, қытырлақпен сүтті шай ішеміз. Өзім айран (кефир) ұйытамын. Балаларым бауырсақпен айран ішкенді ұнатады. Негізі жолдасым да, балаларым да қазақтың ұлттық тағамдарын сүйсіне жейді.
Сөзімнің соңында еліміздің наурыз мерекесі құтты болсын дей отырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, көгілдір аспанымызды еш уақытта бұлт торламасын, жер дүниені меңдеген індеттен аман-есен шығайық деген ізгі тілегімді білдірмекпін.