Қазалы ауданынан 10 770 азамат майданға аттанған-Қызылорда
Қазалы қаласында тұратын соғыс ардагері Қалеп Бектұрғановқа облыс әкімінің құттықтау хатын беріп, мерекелік сыйлықтар табыс етті. Майданнан екі жерден жарақаттанып, елге оралған ардагер бүгінде 8 ұл-қызынан 22 немере мен 23 шөбере сүйіп отыр.
Аудан әкімі Нажмадин Шамұратов жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан қарт майдангер, Бекарыстан би ауылының тұрғыны Қабақ Смағұлдың да отбасында болды. Ардагерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
19 жасында соғысқа аттанған Қабақ ақсақал Москва бағытындағы Тула қаласының маңында неміс фашистеріне қарсы шабуылға шыққан. Қ.Смағұл көрсеткен батылдығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз», I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65, 70 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Соғыс және еңбек ардагері соғыстан кейін елге оралғаннан бастап есеп саласында 40 жыл еңбек етеді.
Аудан басшысы Кәукей ауылында тұратын соғыс ардагері Лепес Әуесбаевтың да отбасына болды.
Айта кетейік, Отанды қорғау үшін Қазалы ауданынан 10 770 азамат майданға аттанса, 6229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Олардың жыл артқан сайын қатары азайып, бүгінгі күнде 5 ардагер ғана арамызда жүр.