Қазалы ауданында өңір басшысының қатысуымен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды
Аудан әкімі Нажмадин Шамұратов іске асқан жобалармен қатар алдағы жоспарлар туралы баяндады. Аудан бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4173 бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға артқан. Онда жұмыспен қамтылған адамдар саны - 8819.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында өткен жылы құны 235,9 млн теңге құрайтын 9 жоба іске асырылса, осы жылдың өзінде 141,9 млн теңге құрайтын 4 жоба қаржыландырылды.
Ауданда халықты бау-бақша егуге тарту жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті билік тарапынан жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бау-бақша өнімдері биылғы жылдан бастап Мәскеу қаласына, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Байқоңыр қалаларына экспортталатын болады.
Бұл жұмыстар ауданда өткен жылы басталған. «АгроОптСервис» ЖШС-нің директоры Бекболат Бибалаев 420 тонна бақша өнімдерін Ақтөбе қаласының сауда орталықтарына жеткізіп, халықтың оң ықыласына бөленді.
Ауданда 26 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Қазіргі таңда мал шаруашылығын дамыту, бордақылау алаңдарын ұйымдастыру, ет-сүт өнімдерін өндірумен қатар жеміс-жидек, көкөніс, бақша өнімдерін өңдеу бағытындағы жұмыстар қолға алынуда.
Мәселен, қызанақ, қияр, асқабақ, қарбыз, картоп, аскөк тұқымдарын Ақжона ауылдық округіне қарасты «Майдакөл» өндірістік кооперативі сатып алды. Кооператив төрағасы Әсет Дүзбаев 70 га жердің 50 гектарына қауын-қарбыз түрлерін, қалған 20 гектарына көкөністер егетін болады. Оның ішінде аскөкті өсіріп, дайын түрде қаптап сату мақсатында цех ашуды жоспарлап отыр. Және алдағы уақытта жылыжай салуға да жұмыс жасауда.
Мәжіліс соңында облыс әкімі айтылған ұсыныс-пікірлерді қорытындылап, әкімдер мен сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.