Қазалы қаласына - 150 жыл
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Тамыры - терең, тарихы - кенен Қазалыға 150 жыл толды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі. Мерейтой аясында биыл қаланы абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 434,3 млн теңге бөлінген болатын.
Орталықтан жастар алаңы салынды. Ардагерлер алаңы абаттандырылып, қаланың 150 жылдығына арналған монумент қойылды. Бүгінгі таңда қаланың 6 көшесіне түнгі жарықшамдар орнатылды. 5 көшені асфальттау жұмыстары жүргізілді. 4 көшеге бордюрлар мен жаяу жүргіншілер жолы салынды. 5 көшеге қиыршық тас төселді. Яғни, қалада 11 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, спорт мектебінің ғимаратын жөнделіп, айналасы абаттандырылды.
Мерейтойға арналған шара Қазалы қаласында өтті. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қонақтар Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жастардың жалынды жетекшісі болған тұлғаға тағзым етті.
Мұнан соң аудан кәсіпкерлерімен кездесті. Ардагерлер алаңындағы қала мерейтойына арналып қойылған монументтің ашылу салтанатына қатысты. Кәрім ақсақал қала тарихынан сыр шертті.
Биыл салынған жастар алаңында жастарымен кездескен облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Қазалы дегенде Ғани Мұратбаевтың есімі бірге аталатынын, оның өмірі мен жастарды білімге шақыру жолындағы еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі екендігін жеткізді. Қала жастары атынан сөйлеген Жәнібек Жұбатқанов Ғанидың жерлестері деген атқа лайық болуға ұмтылатындықтарын айтты.
Шара спорт алаңында «Атамекен - Қазалым» атты мерекелік салтанатты жиынға жалғасты. Р.Рүстемов қала тұрғындарын мерейтоймен құттықтап, Ғ.Мұратбаевтың 115 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық Ғани Мұратбаев сыйлығы иегерлерін марапаттады.
Байқауға облыстағы аудандардан бөлек, Алматы, Тараз, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Павлодар қаласы мен Батыс Қазақтан, Маңғыстау сынды 10 облыстан іріктелген 79 жас қатысып, бақ сынасқан. Комиссия шешімімен жеңімпаз деп танылған 21 жасқа Ғани Мұратбаев сыйлығы табысталды. Мерейтой аясында спорттық шаралар ұйымдастырылып, ас берілді. Жиналған көпшілік Ретро-фестиваль және эстрада жұлдыздары Роза Әлқожа мен Еркін Нұржановтың концертін тамашалады.