Қазан айында елдегі ұшақтарда интернет таратылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазан айында Air Astana ұшақтарының бортында интернет іске қосылады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитеті төрағасы Дамир Сейсембеков айтты.
Оның сөзіне қарағанда, ұшақ бортында Wi-Fi желісін іске қосу үшін қажетті заңнамалық өзгерістер қабылданып қойған.
- Бұл бағытта Air Astana компаниясымен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Интернет жүйесімен жабдықталған алғашқы ұшақтар қазан айында пайда болады деп жоспарланған. Жұмыс екі бағытта жүргізілуде: бірі — Viasat-пен, екіншісі — OneWeb-пен, — деді Дамир Сейсембеков Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол интернет құнына қатысты мәселе әуе компаниясының құзыретіне жататынын мәлім етті.
- Төлем мәселесін Air Astana компаниясы қосымша түсіндіреді. Олардың мәлімдемелеріне сүйенсек, компанияда түрлі бонустық жүйелер қарастырылған, — деді комитет басшысы.
Бұған дейін биыл қазақстандықтар ұшақ бортында интернетті пайдалана бастайтынын жазған еді.