Қазан айы бойы еліміздің бірқатар шағын қалаларында отандық жаңа фильмдер көрсетілмек

АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Мәдениет саласындағы әлеуметтік мәнді істердің бірі болып отырған «Отаным - бақыт мекенім» атты жобаға Қазақстан кинематографистер одағы да өз үлесін қосып отыр, деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
None
None

Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан шығармашылық одақтарға көрсетілетін қолдаудың шеңберінде Қазақстан кинематографистер одағы бірқатар отандық жаңа фильмдерді еліміздің кіші қалалар көрермендерінің назарына  жеткізу шарасын қолға алды.

Атап айтқанда, 2012 жылдың 6 қазанында Шығыс Қазақстан облысының Зырянов қаласында  режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» атты фильмі көрсетілді. Арнайы әзірленген кинобағдарламаға тағы бір көркемсуретті «Жаужүрек мың бала» (режиссері А.Сатаев) фильмі және қазақтың  көрнекті тұлғаларына арналған деректі «Қамал Смайылов», «Әбдіжәміл Нұрпейісов» фильмдері кірген. Фильмдерді көрсету барысында шығармашылық тұлғалардан тұратын  делегация көрермен қауыммен жүздеседі.

Киногерлер делегациясының құрамында аталған деректі фильмдердің авторлары-режиссерлері Орал Жүнісов, Жаңабек Зауырбековтер; кинооператор Николай Раисов, суретші Виктор Пузырниковтер бар. Делегацияның басшысы - Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинооператор және кинорежиссер Игорь Александрович Вовнянко.

Қазақстан кинематографистерінің бұл ізгілік шарасы қазан айының соңына дейін республиканың басқа өңірлеріндегі кіші қалаларында жалғасын табады.

Жоспар бойынша отандық киногерлер өз фильмдерімен Павлодар облысының Екібастұз, Қарағанды облысының Жезқазған (17 қазан), Жамбыл облысының Қаратау (26 қазан) қалаларында өткізуді көздеп отыр.

Соңғы жаңалықтар