Қазан айынан бастап республикада тұмауға шалдығудың 86 мың дерегі тіркелді - Денсаулық сақтау министрлігі

Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Эпидемиологиялық қадағалау комитеті басқармасының бастығы Айтмағамбет Жолшорынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
А.Жолшорыновтың сөзіне қарағанда, жұқпалы тұмаудың биылғы маусымдағы үрдісі 2008 жылмен салыстырғанда тұрақты. Мәселен, былтыр осы уақытта тұмау вирусын жұқтырудың 93 оқиғасы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 5 мың адамға аз, яғни 86 мың 500 адамды құрап отыр. «Дегенмен, республикада жағдай тұрақты деп саналады. Сондықтан, әзірше жаппай карантин енгізудің қажеті жоқ», деді ол.
Басқарма бастығының атап көрсетуінше, Астанада жедел респираторлы вирусты жұқпамен ауырудың 2,5 мың дерегі тіркелген. Жұқпаны жұқтырудың деңгейі әсіресе, мектеп оқушыларының арасында жоғары.
Маусымдық тұмаудың алды алу үшін бүгінде 237 мың адамға егу жұмыстары жасалды және іс-шара қазан айының соңына дейін жалғасатын болады.