Қазан айында халықтың нақты ақшалай табыстары 4 пайызға өсті
АСТАНА. 113 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазан айында халықтың нақты ақшалай табыстары 4 пайызға өсті. Бұл ақпаратты ҚР Статистика агенттігі таратып отыр.
«2010 жылғы қазанда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары алдын ала берілген деректер бойынша 38361 теңгені құрап, 2009 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 11,6 пайызға артты. Нақты ақшалай табыстары 4,0 пайызға өсті», - делінген баспасөз хабарламасында.
2010 жылғы қазанда орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстардың көлемі бойынша Атырау облысы, Астана қаласы және Маңғыстау облысы алдыңғы қатарда келеді. Олардың көрсеткіші орташа республикалық деңгейді 2,2-1,9 есеге арттырып отыр.
Ал 2010 жылғы қазанда табыстары ең төмен өңірлер қатарына Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары кірді.
Халықтың нақты ақшалай табыстарының ең көп өсу қарқыны Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында белгіленді.
2010 жылғы қазанда өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төмен мөлшерлері арасындағы арақатынас 4,1 есені құрайды.