Қазан айында өнеркәсіп кәсіпорындарының іскерлік белсенділігі біршама төмендеген - Статистика агенттігі
АСТАНА. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Жүргізілген зертеулер бойынша 2009 жылғы қазан айында еліміздегі өнеркәсіп кәсіпорындарының іскерлік белсенділігі оның алдындағы аймен салыстырғанда біршама төмендеген.
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Респонденттердің бағалауына орай ағымдағы жылғы қазан айында оның алдындағы аймен салыстырғанда өткізілген өнімге қатысты сұраныста елеулі өзгеріс болмаған, дайын өнім қорлары біршама көбейген. Сонымен бiрге, еліміздегі кәсіпорын басшыларының көпшiлiгi жақын арадағы 2-3 айда өндiрiс көлемдерiнiң түбегейлі өсуін күтпейтіндігін көрсетті. 2009 жылғы қазанда зерттеуге қатысқан өнеркәсіп кәсіпорындарының іскерлік белсенділігін сипаттайтын кәсіпкерліктің сенімділік индексі өткен аймен салыстырғанда 4 пайыздық тармаққа кеміп, 2 пайызды құрады (маусымдық фактор есебімен). Сауалнамаға қатысқан басшылардың көпшілігі жақын арадағы 2-3 айда өз кәсіпорындарының іскерлік белсенділігіне қатысты елеулі өзгерістерді болжамайтындығын айтты. Сондай-ақ, зерттеу көрсеткеніндей, ағымдағы жылғы қазан айында қыркүйек айымен салыстырғанда тауар айналымы және тауар қорлары деңгейіне қатысты елеулі өзгерістер болмаған. Есепті кезеңде зерттелген кәсіпорындардың қаржылық-экономикалық ахуалының тұрақталуы байқалды. Сонымен қатар, респонденттер жақын арадағы 2-3 айда осы көрсеткіштердің түбегейлі жақсаруын болжамайтындығын көрсеткен», делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Сонымен бірге, сауалнамаға қатысқан еліміздегі кәсіпорын басшыларының көпшілігі алдағы 2-3 айда кәсіпорындардың іскерлік белсенділігінің шамалы өсуі мүмкін деп көрсеткен.