Қазан айында сыртқы сауда өнімдерінде бағаның жоғарылауы байқалды

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазанда қыркүйек айымен салыстырғанда баға экспортталатын тауарларға 1, импортталатын тауарларға - 3,2 пайызға жоғарылады. Бұл ақпаратты ҚР Статистика агенттігі таратып отыр.

Қазан айында сыртқы сауда өнімдерінде бағаның жоғарылауы байқалды

Экспорттық жеткізілімдерге бір ай ішінде бағаның өсуі көмірге - 14,7, мырышқа - 10,2, қорғасынға - 8,9, мысқа - 7,9, сұйытылған пропан-бутанға - 2,7, мұнайға - 0,9, мұнай өнімдеріне - 0,8, ал олардың төмендеуі ферроқорытпаларға - 6,3, қара металдар илегіне - 2,8 пайызды құрады. сондай-ақ бағаның бидайға - 14,4, жүнге - 7,9 пайызға жоғарлауы, темекіге - 9,7, мақтаға - 8,2 пайызға төмендеуі байқалды.

Импорттық түсімдерден өсімдік майы - 14,3, көкөністер - 11,4, маргарин - 7,7, қағаз - 7,2, балық - 4,9, қант - 2,2 пайызға қымбаттаса, кофе - 5,8, шай - 4,5, аяқ киім - 3,6, какао және одан жасалған өнімдер - 1,2 пайызға арзандады.