Қазан-қарашада оннан астам адам суға кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл мұз үстінде балалардың зардап шеккен фактілері болған жоқ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті.
«Қыс мезгілі басталысымен тағы да бір айтарлықтай маңызды мәселе туындайды, яғни ол мұз үстіндегі қауіпсіздік қағидаларын сақтамауға қатысты. Абырой болғанда, осы жылы мұз үстінде балалардың зардап шеккен фактілері орын алған жоқ. Өкінішке орай ересек адамдар зардап шекті. Атап айтқанда, қазан-қараша айларында 13 оқиға тіркелді және балық аулау кезінде оннан астам адам суға батып кетті»,-деді Р. Иманқұлов.
Мұндай фактілер Астана қаласында, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Атырау облыстарында орын алды.
Оның сөзіне қарағанда, осындай қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін ТЖ комитетінің қызметкерлері балаларды үйрету бойынша профилактикалық шаралар өткізуде. Оқу орындарында интерактивтік сабақтар, құтқару бөлімшелерінде экскурсиялар мен ашық есік күндері, байқаулар, өрт-құтқару спорты бойынша жарыстар ұйымдастырылуда.
«Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері ТЖ департаменттерінің мамандары 500-ге жуық интерактивті сабақ өткізілген, оған 360 мыңнан астам оқушы қатысты болды. Республикамыздағы 25 мыңға жуық оқушы «Жас құтқарушы» атты үйірмелерге қатысуда»,-деді ресми өкіл.