Қазанда еліміздегі инфляция 0,9 пайызды құрады

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстан Республикасындағы инфляция 0,9 пайызды құрады. Бұл ақпаратты ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қазанда еліміздегі  инфляция 0,9 пайызды құрады

Ведомствоның атап өтуінше, өткен айда азық-түлік тауарларына баға 1,3, азық-түлік емес тауарларына - 0,6, ақылы қызмет көрсетулерге - 0,7 пайызға өскен.

Өткен айда бағаның өсуі нан және жарма өнімдеріне 2,2, ал қарақұмық жармасына - 12,8, ұнға - 4, сөкке - 2,6, нанға - 2,3, макарон өнімдеріне - 2 пайыз көлемінде белгіленді. Сонымен қатар баға жұмыртқаға 6,2, май және тоңмайға - 3,4, жаңа сауылған сүтке - 2,4, қантқа - 1,6, жемістер мен көкөністерге - 1,5, ет өнімдеріне - 0,6 пайызға жоғарылады.

Бағаның өсуі сұйытылған газға 2,5, қатты отынға - 1,5, шыны және қыш бұйымдарға - 0,9, киім мен аяқ киімге - 0,5, фармацевтика препараттарына - 0,3 пайызды құрады. Бензин 1,5, дизель отыны - 2,9 пайызға қымбаттады.

Амбулаториялық қызметтер 1,8, жоғары білім беру қызметтері - 1, мейрамханалар мен қонақ үйлердің қызметтері - 0,9, көлік қызметтері - 0,8, мәдениет қызметтері - 0,5 пайызға арттып отыр.

Тұрғын үй коммуналдық қызмет көрсетулер саласында тарифтер бөлінетін желілер бойынша тасымалданатын газға 2,6, орталықтан жылытуға - 1,7, ыстық суға - 0,6, электр энергияға - 0,2 пайызға артты.