Қазанның соңғы күндері күн жылынып, кей өңірлерде қар жауады
АСТАНА.KAZINFORM — 29–31 қазан күндері Қазақстанның батысында ауа температурасы +22°С-қа дейін көтерілсе, еліміздің солтүстігі мен шығысында және оңтүстіктің таулы аймақтарында қар жаууы мүмкін. Синоптиктердің болжамынша, түнде елдің басым бөлігінде ауа температурасы 0°С-тан төмендейді.
«Қазгидромет» РМҚ синоптиктерінің болжамынша, қазан айының соңғы күндері Қазақстанның батыс бөлігінің тұрғындарын жылы әрі қолайлы ауа райы қуантады. Бұл өңірде ауа райын ауқымды антициклон қалыптастырады. Ал еліміздің солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ оңтүстік облыстардың таулы аудандарында атмосфералық фронттардың әсерінен жауын-шашын (негізінен қар түрінде) күтіледі.
Түнгі уақытта еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы 0°С-тан төмен болады. Күндіз елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында ауа температурасы 0…+5°С-тан +5…+10°С-қа дейін құбылады. Ал республиканың батысы мен оңтүстігінде ауа +17…+22°С-қа дейін жылынады.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанның 16 облысында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында ауа райына байланысты ескерту жарияланды.