Қазанның 27-29 күндері Ақтау қаласында Ұлттық медициналық холдинг күндері өтеді
АСТАНА. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазанның алдағы 27-29 күндері аралығында Ақтау қаласында Ұлттық медициналық холдинг (ҰМХ) күндері өтеді.
Бұл туралы аталмыш Холдингтің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Шараның мақсаты - денсаулық сақтау саласындағы жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру. Сонымен бірге, бұл күндері ҰМХ мамандары Маңғыстау облысының тұрғындарына медициналық көмектер де көрсететін болады.
Жұмыс тобының құрамына ҰМХ-ға еншілес Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды сауықтыру орталығы, Республикалық нейрохирургия орталығы, Республикалық диагностикалық орталық және Республикалық жедел жәрдем ғылыми орталығында жұмыс істейтін хирург, травматолог, ортопед, акушер-гинеколог, педиатр, аллерголог және тағы да басқа мамандар топтастырылған.
Республикалық жедел жәрдем ғылыми орталығы диагностика және рентгенохирургия бөлімінің жетекшісі Сергей Боровский жоғарғы деңгейдегі медициналық кеңестермен қатар, маңғыстаулық медицина мамандарына арнап шеберлік сабақтар өткізетін болады. Сабақтар кардиология, нейрохирургия, акушерлік, гинекология, аллергология, иммунология, нефрология, эндокринология, балаларды сауықтыру, диагностика және тағы басқа салалар бойынша жүргізіледі.
ҰМХ күндергі барлық іс-шаралар, оның ішінде ота жасау сәттері он-лайн режімінде ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдарға таратылады.
Еске салайық,«Ұлттық медициналық холдинг» АҚ ҚР Үкіметінің 2008-жылғы мамырдың 13-індегі Қаулысымен халыққа жоғары дәрежедегі медициналық көмектер көрсету мақсатында құрылды. Бүгінгі таңда холдинг мамандары тек қана елімізде ғана емес, әлемде сирек өткізілетін жоғары дәрежедегі ота жасаумен айналысады. ҰМХ заман талабына сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталған.