Қазанның 29-ы күні еліміздің бірқатар қалаларында «Қамқоршылар күні» мерекесі атап өтілмек
АЛМАТЫ. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Республикалық «Балаларға жылылық сыйла» акциясы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамашылығымен «Қазақстан қамқоршыларының одағы» ҚҚ, «Шығарамашылық бастамашы әйелдер лигасы» ҚБ және «Баланың үні» қоғамдық қорымен бірлесе отырып ағымдағы жылдың 29 қазанында «Қамқоршылар күні» шарасын өткізеді.
Бұл жайында аталмыш ұйымдардың басшылары бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық Балалардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары Владлена Ермоловичтің айтуынша, бұл мейрам қамқоршылық жанұялар мен сондай отбасыларда тәрбиеленіп жатқан жетім балалар үшін Қазақстан тарихындағы алғашқы қайырымдылық шара болып табылады. "Шараның басты мақсаты - бөтен бала мен жат қайғы жоқ" деген қағиданы ұстанатын адамдарды марапаттау және оларға қуаныш сыйлау", дейді В.Ермолович.
Аталмыш мейрамды Астана, Алматы, Петропавл, Ақтөбе, Теміртау қалалалрының жұртшылығы қолдап, осы шараны бір күнде өткізуге бірлескен шешім қабылдаған.
«Шығарамашылық бастамашы әйелдер лигасы» ҚБ Басқармасының төрайымы Әсия Хайрулина бұл күні қамқоршыларға құрмет көрсету, балалар ұжымдарының күшімен концерттік бағдарламалар жоспарланып отырғандығын айтады. «Осы мереке қарсаңында жетімдік мәселелеріне тұрғындардың назарын аудартып, қала жұртшылығын аталған шараны қолдауға шақырғымыз келеді. Сонымен қатар ата-аналарының қамқорынсыз қалған сәбилердің балалар үйінің қабырғасында емес жанұя қамқорлығына көшуіне көмектескіміз келеді», - деп атап өтті өз сөзінде Ә. Хайрулина.
Өзінің төрт баласымен қоса ағасының жетім қалған үш баласын бауырына тартып, қамқоршы болып отырған Асқар Әбдіқалықов мұндай шаралардың қолға алынып жатқаныдығына өз ризашылығын білдіруде. «Қазір 7 бала асырап отырмын, оның 6- мектеп қабырғасына барады. Мына аталып өтейін деп отырған мереке көптеген қамқоршылар мен балаларға өзінше септігін тигізіп, балалар үйіндегі сәбилердің азаюына әкеледі деп ойлаймын», - дейді қамқоршы.