Қазанның аяғына дейін халықаралық деңгейдегі 3 курорттық аймақтың жүйелі даму жоспары жасалады - Мұхит Саймасаев
АЛМАТЫ. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Туризм тартымдылығының жинақталған тұжырымдамасы әзірленген соң нақты инвесторларды тарту басталады.
Оны ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Мұхит Саймасаев бүгін Алматыда өткен «Алматы қаласында туризмді дамытудың қазіргі жағдайы мен келешегі» деген тақырыптағы алқалы жиында мәлімдеді.
«Қараша айына дейін туризмді жүйелі дамыту жоспары жасалады. Ұзақ мерзімдік даму стратегиясы анықталады. Сыртқы және ішкі туризм үшін Балқаш, Алакөл, Баянауыл, Ақсу-Жабағылы, Қарқаралы мен Алматы сияқты аймақтардағы дамудың негізгі нүктелері белгіленеді. Сондай-ақ инвесторлармен өзара әрекеттестіктің саясаты мен мемлекеттік қолдаудың жаңартылған тетіктері анықталады», - дейді М.Саймасаев. Оның айтуынша, қазанның аяғына дейін халықаралық деңгейдегі 3 курорттық аймақтың жүйелі жоспары жасалады. Олар - Алматының жанындағы тау-шаңғысы курорты, Бурабай және Кендірлі. Жүйелі даму жоспарының қорытындысы туризмнің тартымдылығының жинақталған тұжырымдамасы әзірленеді. Мемлекеттік-жеке серіктестік моделі бойынша оған нақты инвесторларды тарту жұмысы басталады. Бұл үш жоба бойынша елге жыл сайын 3 миллионнан астам турист тартудың әлеуеті бар.