«ҚазАтомӨнеркәсіп» әлем нарығында баға қалыптастырушы компанияға айналуы тиіс - Ө. Шөкеев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Трансформация аясында «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясы әлем нарығында баға қалыптастырушы компанияға айналуды жоспарлайды. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ төрағасы Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті.
Қор төрағасының айтуына қарағанда, бүгінгі таңда «Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялардың, соның ішінде ұйымдық құрылымдардың барлығында терең, күрделі қайта құру жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, компаниялар тобы бойынша бизнес үдерістері қайта форматталған. «Жұмысқа жалдау, тестілеу, кадрларды көтермелеу, қызметкерлерді жұмыстан босатудың барлық үдеріс-ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. Мұнда мәселе әкімшілік-басқару персоналдары жайында болып отыр.
Басқарушылықтан бөлек, өндірістік технологиялар да қайта қарастырылады. Сонымен қатар, бүгінгі күні Қор аясындағы трансформация бойынша жұмыстар «Самұрық-Қазынаның» еншілес компанияларында жүріп жатыр», - деді Ө. Шөкеев.
Оның сөзіне қарағанда, «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», «ҚазАтомӨнеркәсіп», «Самұрық-Энерго» секілді компаниялардың менеджменті белсенді жұмысқа кіріскен. Шамамен компаниялардың 750 қызметкері модернизациялау командасына шоғырланған. Мәселен, «Қазақстан темір жолы» жаңа корпоративтік мәдениетті енгізу деңгейінен өтуде. Ал «Қазпошта» АҚ өз қызметтерінің сапасын арттырып, бәсекеге қабілетсіздік себептерін айқындаумен айналысуда. «Трансформация аясында «ҚазАтомӨнеркәсіп» өзінің стратегиялық басымдықтарына жіті мән бере бастады. Бұл компанияның алдағы мақсаты әлем нарығында баға қалыптастыру қызметін тұтынушы емес, керісінше әлемдік нарықтағы бағаны қалыптастырушы болуы керек. Бұған «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының мүмкіндіктері баршылық», - деді Ө. Шөкеев. Тұтастай алғанда, Қор басшысының айтуы бойынша, қазіргі таңда жеті ірі компанияда операциялық трансформация жұмыстары жүзеге асуда. Барлық компаниялар бойынша шамамен 40-қа жуық бизнес үдеріс аясында мұқият талдау жұмыстары жасалғаннан соң, жаңа негізгі көрсеткіштер айқындалады. «Трансформация төңірегіндегі реформаның тиімділігіне келсек, тек бір ғана «Қазақстан темір жолы» компаниясының өзі жыл сайынғы 20 миллиард теңгенің тиімділігін сезінетін болады. Салыстырмалы түрде алсақ, «Қазақстан темір жолының» былтырғы жылғы таза табысы 27,3 миллиард теңгені құрады. Ал біз осы бағдарламаның арқасында ол көрсеткішті екі есеге жуық арттырамыз», - деді Ө. Шөкеев.