«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2015-2025 жылдарға арналған жаңа стратегиясы қабылданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен ұлттық атом компаниясы директорлар кеңесінің отырысы болып өтті.
None
None

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев директорлар кеңесінің мүшелеріне компанияны дамытудың 2015-2025 жылдарға арналған Стратегиясын таныстырды.

Құжат Компанияның миссиясын, жоспарларын және таяу жылдардағы жалпы даму бағыттарын айқындайды, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қызметінің тиімділігін арттырып, құнын ұлғайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық мақсаттарын белгілейді. Болжамды тактикалық іс-шаралар алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін қажет. Стратегияны жүзеге асыру Қазатомөнеркәсіп пен еліміздің уран өндіру бойынша қол жеткен әлемдік көшбасшылық шебін сақтап қалуға ықпал етеді. Бұл үшін Компания жұмыс істеп тұрған кеніштерді дамытып, жаңаларын салатын және тиімділікті арттырып, уран өндірудің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған озық технологияларды енгізетін болады.

Қазатомөнеркәсіптің стратегиялық бағыттарының бірі - реакторға дейінгі ядролық отын циклының барлық сатыларында бизнесті әртараптандыру. Компания конверсия, байыту және АЭС-ке арналған ядролық отынды жинақтау бойынша қызметтерге қол жеткізуді жоспарлап отыр.

Компанияның даму стратегиясы шеңберінде корпоративтік басқару жүйесі жетілдіріліп, бизнес үдерістері оңтайланады және бейінді емес активтерден бас тартылатын болады.

Құжатта кадрлық саясатты жетілдіру мәселесіне де үлкен мән берілген. Компания қызметкерлерді тарту, сақтау және олардың кәсіби өсуіне барлық жағдайды жасайды. Қазатомөнеркәсіптің гранты есебінен дарынды мектеп түлектері салалық мамандықтар бойынша оқуға тартылатын болады. Холдинг ішінде қызметкерлерді алмастыру, қызметкерді жұмысқа қабылдау және басшылық қызметке тағайындауда кәсіби сапасын бағалау жүйесін енгізу жоспарлануда.

Даму стратегиясының кешенді іс-шараларын іске асыру компания қызметінің тиімділігін арттырып, Қазатомөнеркәсіп құнын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Отырыстың қорытындысы бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 2015-2025 жылдарға арналған Даму стратегиясы бекітіліп, компания орталық аппаратының жаңа ұйымдық құрылымы қабылданды, деп хабарлайды «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Қоғаммен байланыс департаменті.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ - Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Қазатомөнеркәсіп сондай-ақ, Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту бағдарламасының белсенді қатысушысы. Бүгінгі таңда компанияда 27 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

Соңғы жаңалықтар