«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ алғашқы тоқсанда табиғи уран өндіруді 63 пайызға ұлғайтты
АЛМАТЫ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстан 2010 жылдың бірінші тоқсанында 4060 тонна табиғи уран өндірді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 63 пайызға көп.
Бұл «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ 1-ші тоқсандағы қызметінің қорытындысында мәлім болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компания мұндай қарқынды өсімге өзіне қарасты кәсіпорындарда өндіріс көлемін ұлғайту мен «Байкен-U» мен «Қызылқұм» ЖШС-терінің жаңа кеніштерінде уран өндіруді бастап, «Ақбастау» БК» АҚ-да тәжірибелік өндірісті қолға алудың арқасында қол жеткізіп отыр. Алғашқы тоқсанда жалпы табыс 46 миллиард 903 миллион теңгені құрап, 2008 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (9 миллиард 504 миллион) 25 пайызға асып түсті. Ал негізгі қызметтен түсетін табыс 19 пайызға ұлғайып 43 миллиард 97 миллион теңгеге жетті. Уран өнімдерін өткізу көлемінің артуы табыстың негізгі кірісіне айналды.
Енді екінші тоқсанда мына іс-шаралар жоспарланып отыр. Бірінші, Ыңғай кен орнының («Ыңғай» БК» ЖШС) 2-учаскесінде Сателлит-1 серіктес зауытын іске қосу. Бұл табиғи уран өндіруден бастап уран тотығы-шала тотығын алуға дейінгі үздіксіз өндірістік циклды жасауға және өнім шығаруға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Екінші, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Байкенже ауылдық округы аумағында «Байкен-U» ЖШС-нің 245 адамдық вахталық тұрғын үй кешені пайдалануға тапсыру. Үшінші, «Қаратау» ЖШС-і игеріп жатқан «Буденовское» кен орнынының 2-учаскесінде жер асты ұңғымалы шаймалау әдісімен тәжірибелік-өнеркәсіптік уран өндіру көлемі ұлғайтылады. Бұл тоқсанда сондай-ақ, Қазатомөнеркәсіп пен жапондық «Sumitomo Corp.» компаниясының сирек және сирек-жер металдар саласындағы Summit Atom Rare Earth Company (SARECO) біріккен кәсіпорны өз жұмысын бастайды. Бұл туралы келісімге тараптар биыл наурыз айында қол қойған болатын. Онда «Қазатомөнеркәсіптің» үлесі - 51, ал «Sumitomo Corp.» үлесі 49 пайызды құрап отыр. Бірлескен жаңа кәсіпорынды құрудағы басты мақсат - қосымша құны жоғары сирек және сирек-жер металл өнімдерін өндіретін сатылас ықпалдасқан компания құру.