«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы франциялық әріптестерімен стратегиялық келісім жасады

Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы кеше Парижде BRGM Геологиялық және тау зерттеулері бюросы мен Мониторинг және стратегиялық консалтингтік еуропалық компаниямен (CEIS) арада Стратегиялық серіктестік туралы келісім жасады. Компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда ол ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға жұмыс сапары барысында жасалды. Оған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Владимир Школьник, BRGM-нің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Жан Клод Гиано және CEIS президенті Оливье Дарразон қол қойды. Аталмыш келісім ұлттық атом компаниясының Қазақстанда ғылыми білім мен өнеркәсіптік дамуды кеңейтуге арналған саясатының шеңберіндегі бастамасы болып табылады.
Жалпы Қазақстан мен Францияның атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастығы 1996 жылы басталды. Онда Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында бірлесе уран өндіру жөніндегі алғашқы үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Сол жылы Францияның АРЕВА тобы және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының құрылтайшы болуымен «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны» ЖШС құрылды. Ал 2009 жылы 6 қазанда Франция Президенті Н.Саркозидың Қазақстанға сапары кезінде IFASTAR (Integrated Fuel Asia Star) атом электр стансаларына арналған ядролық отын маркетингы жөніндегі жаңадан қазақстан-француз кәсіпорнын құру туралы Келісімге қол жеткізілді. Келесі жылы 27 қазанда соның негізінде Қазақстандағы Үлбі металлургия зауыты базасында АРЕВА жобасы бойынша отын құрамаларын шығаратын бірлескен кәсіпорын құруға шешім қабылданды. Сондай-ақ қазан айында Н.Назарбаевтың Францияға ресми сапары аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Францияның Атом энергиясы және балама қуат көздері жөніндегі комиссариат (СЕА) күн энергетикасы (фотовольтаика) саласындағы бірлескен зерттеу жұмыстары туралы Келісімге, Қазатомөнеркәсіп пен BRGM сирек және сирек-жер металдарының бірлескен ғылыми зертханасын құру туралы Меморандумға қол қойды.