ҚазАТУ-да Наурыз мейрамына орай журналистер мен студенттер арасында ұлттық ойындар спартакиадасы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында, яғни 19 наурызда С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың спорт залында «Асығың алшысынан түссін» атты студенттер мен журналистер арасындағы республикалық ұлттық ойындар спартакиадасы өтеді. Бұл туралы оқу ордасының баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Шараның мақсаты - ұмыт болып бара жатқан қазақтың ұлтық ойындарын насихаттау және оларға бұқаралық сипат беру, дейді ұйымдастырушылар.

Спартакиада барысында қазақтың ұлттық спорт ойындарының ләңгі, асық ату, жамбы ату, қазақша күрес, арқан тарту және тоғызқұмалақ тәрізді түрлерінен жарыс болады. Асқан шеберлік пен аяқтың ептілігін қажет ететін «ләңгі» ойынын жаңғырту мақсатында журналистер мен студенттер командалары арасында бұл ойыннан ерекше жарыс өтеді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бүгінгі таңда 4 команда тіркеуден өтті. Спартакиада шарты бойынша, бір команда құрамында бес ойыншыдан болады. Командалар дайындық жұмыстарын жүргізгісі келген жағдайда университеттің спорттық залын пайдалану мүмкіндігі беріледі. Естеріңізге сала кетейік, республикалық ләңгі тебу сайысына өткен 2013 жылы қатысқан топтардың құрамында «ҚазАқпарат», «Қазақ Радиосы», www.baq.kz, «Халық сөзі», «Нұр Астана», «Астана ақшамы», «КТК» телеарнасы, «7 арна», «ҚазАТУ қырандары» командасы т.б. қатысқан болатын.

Айта кету керек, шараны С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, «Абырой» қазақ тілі мен мәдениетін дамыту корпоративтік қоры және «Алаш аманаты» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.

Соңғы жаңалықтар