«Қазавианавигация» РМК бас директоры мен «Азиамегатранзит» ЖШС құрылтайшысы қамауға алынды - Қаржы полициясы
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Азаматтық авиация комитетінің бұрынғы төрағасы, «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының бас директоры М.Кубаев мен «Азиамегатранзит» ЖШС құрылтайшысы Сыздықов қамауға алынды.
Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, оларға азаматтық авиация саласындағы аналитикалық зерттеулерге, министрлік қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жоғарлату семинарларын ұйыдастыруға және еуростандартқа ауысу кестесін жасауға бөлінген 132,5 млн теңгені ұрлады деген айып тағылып отыр. Сондай-ақ Сыздықовқа «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізін қайта құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға бөлінген бюджет қаражатын ұрлады деген де айып тағылған.
«Бұл мақсаттарға 2007 жылы тамызда 308 млн теңге бөлінген. Жобаның нақты құны 192 млн теңгені құрады. Тергеу анықтағандай, 116 млн теңге жалған кәсіпорындар арқылы ауыстырылып ұрланған. Осылайша министрліктің лауазымды тұлғаларымен бюджет көлемі қаржыландыруды бекіту кезеңінің өзінде ұрланған қаражат сомасына қасақана жоғарылатылған», - деді М.Жұманбай.